ТҮРКІСТАН: МӘМС қорына 23 млрд теңгеден астам жарна түскен

0
824

23 млрд теңгеден астам жарна аударымдары түскен.


ТҮРКІСТАН: МӘМС қорына 23 млрд теңгеден астам жарна түскен

Түркістан облысында МӘМС қорына 23 млрд теңгеден астам жарна түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2022 жылдың қорытындысымен Түркістан облысы бойынша МӘМС үшін 23 млрд теңгеден астам жарна аударымдары түскен. Аталған қордың облыстық филиалының директоры Асхат Бейсенбаевтың айтуынша, жалпы жиналған қаржының 12 млрд 962 мың теңгесі – жұмыс берушілердің аударымдары, жеке кәсіпкерлерден түскен жарна – 1 млрд 74 мың теңге, ал 76 мың теңге бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) бойынша аударылған.


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары - Ұлттық банкте сақталады да медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасалып, тексерілгеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі.


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарналар мен аударымдар көлемі биыл өзгеріссіз қалды. Ал ең төменгі жалақы және айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өсуіне байланысты дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейтін жарна көлемі артты. Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін жалақының 3% мөлшерінде төлейді. Жұмысшы және келісімшартпен табыс табатын жеке тұлғалар табысының 2%-н төлейді. Жеке кәсіпкерлер ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе 4 900 теңге төлейді.


Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (БЖТ төлеушілер) республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін бірыңғай жиынтық төлем көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге. Қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни 1 725 теңге.


Сонымен қатар, жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасау жалғасады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдік санатындағы әр адамға жарна мөлшері 4 505,6 теңгені құрайды. Сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін дербес төлеуші ретінде алдағы 12 айға жарна төлеуге болады. Мысалы, 2023 жылға сақтандыру мәртебесін алу үшін 2023 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі әр айға жеке-жеке 3 500 теңгеден төлем жасау керек.


Егер қызметкер МӘМС жарналарын мемлекет төлейтін 5 жеңілдікті санаттың біріне кірсе, онда жұмыс беруші олар үшін аударымдар мен жарналарды төлемейді. Сондай-ақ, балалар, зейнетақы жарналарын алушылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, мүгедектер, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқудағылар, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, баланы үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы адамдарға жарнаны мемлекет төлейді.