ТҮРКІСТАН: МӘМС жүйесіне 2 миллионнан астам тұрғын тіркелген

0
215

Өткен аймен салыстырғанда 23 пайызға азайып отыр.


ТҮРКІСТАН: МӘМС жүйесіне 2 миллионнан астам тұрғын тіркелген

Түркістан облысында МӘМС жүйесіне 2 миллионнан астам тұрғын тіркелген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Барлық медициналық мекемеге 2 миллионнан астам тұрғын тіркелген. Оның ішінде МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны 350 мың адамды құрап, өткен аймен салыстырғанда 23 пайызға азайып отыр. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға арнайы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және анықтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.


– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы жұмысты күшейтіңіздер. Әлі де немқұрайлы қарап отырғандар бар. Аудан, қала әкімдіктері жергілікті жауапты басқармамен бірлесіп, жеке кәсіпкерлерге, шаруа немесе фермерлік қожалықтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Субсидия алып, кәсібін жүргіземін деген әрбір адам төлеуі қажет. Сонымен бірге медициналық көмек сапасын да жақсарту керек. Жауапты мекеме басшылары өзара бірлесе жұмыс атқарулары тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.


Жиын барысында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов баяндама жасап, облыс тұрғындарының сақтандыру санатына өтуі мен МӘМС аясында медициналық қызмет алудағы туындап жатқан өзекті мәселелерге тоқталды. Өңірде 27 мыңнан астам шаруа қожалықтары аталған МӘМС-ті төлемеген. Бұған дейінгі орын алған мәселелер «Е-Сақтандыру» жүйесі арқылы шешімін тауып отыр.


Мобильді топтар соңғы 3 айда «Бір аптада – 3%, бір айда – 12%» ұранымен науқандық немесе тұрақты жұмысшыларды «көлеңкелі еңбек» нарығынан жарыққа шығаруға мұрындық болған. Жалпы тұрғындарды МӘМС-ке тарту жұмыстарын күшейту мақсатында өңірлік штаб отырыстары өтіп тұрады. Соның ішінде Д, Е категорияларындағы адам санын азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.


Айта кетейік, Мемлекеттік кірістер департаменті МӘМС жүйесі бойынша төлемдерді 2022-2023 жылдардан бері мүлдем төлем жасамаған 43 мыңнан аса адамға хабарлама жолданып, борышкерлердің есеп шоттары бұғатталған еді. Өткен айдың нәтижесімен 8 мыңнан астамы қарызын төлеген.

Бөлісу