ТҮРКІСТАН: Мас хәлде рөлге отырған тұрғын 3 көлікті соғып, қашып кеткен

0
831

Мұның алдында да ішімдік ішіп көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған.


ТҮРКІСТАН: Мас хәлде рөлге отырған тұрғын 3 көлікті соғып, қашып кеткен

Түркістан облысында құжатсыз көлік басқарып келе жатып, 3 бірдей көлікті соққан жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушіні ұстады. Нақтырақ айтсақ, Жетісай АПБ-не 3 жүргізуші арызданып, бір көше бойында 3-еуінің де көлігін белгісіз «Audi B4» маркалы автокөлігі соғып, қашып бара жатқанын жеткізеді.

Хабарлама бойынша жақын жерде жүрген ЖПҚ ППТ қызмет инспекторы полиция аға лейтенанттары Бекзат Ботабеков пен Қылыш Тұрмағанбетовтерге бағытнама беріледі. Оқиға орнына жеткен полицейлердің анықтауынша, кешкі сағат 18:00 шамасында «Audi B4» маркалы көлік бірінші көлікті жол бойында қысып соғып кетсе, екіншісін артынан соққан, келесісін басып озбақ болғанда соғып өтіп, үшеуіне де материалдық шығын келтірген. Тәртіп сақшылары оны оқиға орнынан 10 шақырым қашықтықтан ұстап, Мақтаарал ауданының тұрғыны екені анықталған.

Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде оның «орта дәрежелі» мас халде екендігі белгілі болды. Сонымен қатар, жүргізушінің мұның алдында да ішімдік ішіп көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Яғни 2018 жылы Жетісай аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Соған қарамастан, қателікке қайта бой алдырып, мас күйінде көлік тізгіндеген.

«Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 346 бабының 1-бөлігімен «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Оған қоса құжатсыз көлік басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Тергеп-тексеру амалдары Жетісай АПБ-нің аға анықтаушысы полиция капитаны Бағлан Назарқұловпен жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды», - деп мәлімдеді ТО ПД баспасөз қызметі.