ТҮРКІСТАН: Мәжіліс депутаты мәселеге айналған канал жағдайымен танысты

0
720

Аталған ағын су нысанының 5 шақырымдық бөлігі бетонмен қапталмаған.


ТҮРКІСТАН: Мәжіліс депутаты мәселеге айналған канал жағдайымен танысты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатына Мақтааралдағы өзекті мәселеге айналған к-20 каналы туралы айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержанға өзекті мәселеге айналған К-20 каналы туралы айтылды. Мырзашөл өңірін суландыру жұмыстары барысында 1924 жылы ең алғашқылардың бірі болып салынған канал жөнінде аудан әкімі Бақыт Асанов баяндады.


Мақтаарал ауданына қарасты Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан канал 10 832 гектар егістік жерді ағын сумен қамтамасыз етеді. К-20 каналының жалпы ұзындығы 27,18 шақырымды құрайды. Аталған ағын су нысанының 5 шақырымдық бөлігі бетонмен қапталмаған. Сондықтан, осы топырақты бөлігінде судың сыздап өтуі байқалып, іргелес аумақтағы жақын орналасқан тұрғын үйлердің аулаларын су басу оқиғалары жыл сайын қайталануда.


Мәселені шешу үшін каналға күрделі жөңдеу жұмыстарын жүргізіп, суды тиімді пайдалану мақсатында топырақты бөлігін бетон қаптамасымен қаптауды қажет етуде. Бүгінгі таңда К-20 каналының жалпы ұзындығы 208,76 шақырымды құрайтын 91 дана ішкі тармақтарына ИДЖЖ-2 жобасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, каналдың 27 шақырымдық негізгі бөлігі жеке тұлғаның меншігінде болуына байланысты аталған бағдарламадан қалып кету қаупі бар.


К-20 каналын жеке тұлғаның меншігінен мемлекеттік меншікке қайтарып алу мақсатында бірнеше рет сотқа талап-арыз беріліп, нәтижесінде қанағаттандырылусыз қалдырылған. Бұл мәселені шешудің бірден бір жолы - жеке тұлға Е.Сатыбалдиевтің меншігіндегі К-20 каналын сатып алуға мемлекет тарапынан тиесілі қаражат бөлу арқылы мемлекеттік меншікке өткізіп алу. Осылайша каналға ИДЖЖ-2 жобасы аясында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы шаруалардың талап-тілектерін толық қанағаттандыруға болатынын Бақыт Насырханұлы атап өтті.


Өз кезегінде халық қалаулысы мәселені мұқият тыңдап шығып, айтылған ақпараттарды қағазға түртіп алды. Сонымен қатар, каналдың арнасымен танысып шығып, мәселені Парламент төрінде көтеріп, шешімін табуға ықпал жасайтынын тілге тиек етті.