​Түркістан: Мемлекеттік қызметшілер тұрақты бақылауда

0
1 430

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев өткен брифингте мәлімдеді.


​Түркістан: Мемлекеттік қызметшілер тұрақты бақылауда

Мемлекеттік қызметті бақылау саласындағы саясатты іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың І-жартыжылдығы қорытындыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Баспасөз жиынында Департамент басшысы 2019 жылдың І-жартыжылдығында Әдеп жөніндегі кеңестің атқарған жұмысы және мемлекеттік қызмет саласындағы бақылаудың негізгі индикатор болып табылатын көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті.

Ағымдағы жылы өзінің құқығы бұзылғанын көрсете отырып шағымданған 16 азаматтың құқықтары толығымен қалпына келтірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.

Бұл дегеніміз, тұрғындардың Департаментке деген сенімінің артуы деп санауға болады.

Сонымен қатар, жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен 27 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылып, оның ішінде мемлекеттік қызметшіге сай емес мінез-құлық көрсетіп, дөрекілік танытқан 2 лауазымды тұлға және сыбайлас жемқорлық фактілерін біле тұра, құзырлы мекемелерге хабарламаған 1 басшы қызметінен босатылды.

Брифингте Департамент басшысы өңірдегі барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен өткен оқиғаларға, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметшілердің жағымсыз жағынан аталуы және сынға алынған мақалалар әрдайым Департамент тарапынан бақылауда екендігін мәлімдеді.

Мемлекеттік қызметшілерге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі мемлекеттік қызмет саласында көзделген бұзушылықтарды сақтамағаны үшін жыл басынан бері 16 қызметкерге хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынған.

Тұтастай алғанда, Департамент мемлекеттік қызмет саласын азаматтардың өтініштерінде көрсетілген уәждер арқылы ерекше бақылауға алып келеді.