Бүгінде Жетісай ауданында 170 зағип есепте тұрады.
Түркістан облысы, Жетісай ауданында Халықаралық зағиптар күні қарсаңында ақ дастархан жайылып, мерекелік сый-сияпаттар жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
13 қараша – Халықаралық зағиптар күніне орай Жетісай ауданында мерекелік іс-шара болып өтті. Іс-шараға аудан әкімі Жамантай Қанайұлы мен Облыстық зағиптар қоғамы төрағасының орынбасары Жандар Жанаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов, «NurOtan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов қатысты.
«Біздің мақсатымыз – сіздерге аз да болса көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, осындай күндерде бір-бірлеріңізбен сұхбаттасуға мүмкіндік жасау. Шама-шарқымыз келгенінше құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасау. Баршаңызды алдағы мерекелеріңізбен құттықтап дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін» деген аудан басшысы шараның өтуіне демеушілік жасаған кәсіпкер азаматтарға алғыс хаттар табыс етілді.
«Жаныммен көріп, жүрегіммен сезінемін» тақырыбында өткен шараға аудандағы қала, кент, ауылдық округтерден келген зағип жандарға мерекелік дастархан жайылды. Демеушілер есебінен мерекелік тартулар жасалып, құрмет көрсетілді.
Шара барысында аудан өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, бүгінде Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 170 зағип есепте тұрады.