ТҮРКІСТАН: Мүмкіндігі шектеулі жандар қоларба сапасын сынақтан өткізді

0
1 558

Мұндай шара өңірде алғаш рет орын алып отыр.


 ТҮРКІСТАН: Мүмкіндігі шектеулі жандар қоларба сапасын сынақтан өткізді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев мүгедектігі бар азаматтар мен тауар жеткізуші әлеуетті өнім берушілер ретінде қоғамдық мүгедектер ұйымдары арасында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қоларба сапасына наразылықтың жиі туындауына байланысты бірнеше тараптардың басын қосқан облыс басшылығы, мемлекет тарапынан берілетін әлеуетті өнім сапасын арттыруды көздеп отыр.

Басқосуда көру, есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін оңалтудың техникалық құралдары жөнінде де пікір алмасты. Кездесу барысында әлеуетті өнім берушілер өз тауарларын таныстырды. Ал, қоларбаны тұтынушылар олардың сапасы мен ыңғайлылығын сынап көрді. Мүгедектігі бар азаматтар қоларбалар мен балдақтардың сапасын сынақтан өткізіп, бірқатар талап қойды.

Балалар мен ересектерге арналған қоларбаға таңдау жасауға атсалысқан билік басшылары ең алдымен олардың сапасы мен өндірушісіне назар аударылатынын жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта арбаға таңылған азаматтың салмағына мен бойына қарап таңдау жасалатын болады. Осылайша тараптар өзара пікір алмасып, ортақ мәмілеге келді.

Бүгінде республикада тұратын мүгедектігі бар адамдардың 14% Түркістан облысының азаматтары құрайды. Яғни, 682 мың азаматтың 93 мыңы облыстың үлесінде. Олардың ішінде 3 мыңнан астамы қоларбаларды пайдаланады.

Жыл сайын облыс бюджеті есебінен ауыстыру мерзіміне қарай мыңнан астам адам қоларбамен қамтамасыз етіледі. 2019 жылы барлығы 1924 қоларба таратылды. Жыл ішінде бұл көрсеткіштер қоларбалардың ауыстыру мерзіміне қарай қосымша көтерілуі мүмкін.

Ауыстыру мерзімдері қоларбалардың түрлеріне қарай ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес белгіленіп, бөлмелік қоларбалар – 7 жылға, серуендік қоларбалар - 4 жылға беріледі.