ТҮРКІСТАН: Мұражайлар көрмесі өтті

0
2 545

Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен "Есімхан" алаңында өткен шарада қала тұрғындары мен қонақтары "Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби" музейі мен Кентау қалалық музейі көне жәдігерлерді түркістандықтардың назарына ұсынды.


ТҮРКІСТАН: Мұражайлар көрмесі өтті

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын насихаттау аясында елімізде айрықша із қалдырған тұлғалары мен мұраларды дәріптеу, жұртшылыққа кеңінен таныстыру мақсатында музейлер көрмесі және концерттік бағдарлама бастау алды - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен "Есімхан" алаңында өткен шарада қала тұрғындары мен қонақтары "Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби" музейінің Оқсыздан табылған сазсырнай, құмырасы мен "Вальс падишасы" атанған Шәмші Қалдаяқовтың мондолинасы және мүштегі, "Отырардағы той" әнінің жазбасы, Әбу Нәсір әл-Фарабидің құлпытасының бір бөлігі мен Мысырдан табылған «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы туралы» трактаты, «Музыканың ұлы кітабы» атты трактатының қолжазбасының нұсқасы сынды көптеген құнды дүниелерін тамашалап, тарихи дерегімен танысса, Кентау қалалық музейі әкелген XVII ғасырға тән қылыш пен дулыға, шырағдандар мен сынап ыдыстар, тау кен ісі тарихына арналған минералогиялық жәдігерлер де сыр шертті. Көрме барысында облыстық Тарихи – мәдени-этнографиялық орталығы ұсынған XIX ғасырдағы шолпы, сырға, білезік, қапсырма сынды қазақ әйелдерінің әшекей заттары мен тұрмыстық бұйымдар, Н.Оңдасынов атындағы музейінің қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлының жұмыс телефоны, патефоны, сиясауыты мен портреттері , Н.Төреқұлов атындағы музейінің алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат Н.Төреқұлов және оның қызметтік жолы жайлы деректер, Бейнелеу өнері музейінің майлы бояумен салған киелі-рухани, тарихи жерлерді дәріптеген суреттерін көпшілік қызыға тамашалады. Көрмеге 300-ге жуық тарихи, құнды жәдігерлер қойылды.


"Облыс орталығында өтіп жатқан көрмеге "Руханият Әбу Насыр әл-Фараби" музейі 70-ке жуық тарихи жәдігерлер алып келдік. Олардың ішінде, Әбу Насыр әл-Фараби, Ш.Қалдаяқов, Өзбекәлі Жәнібеков, Құлыншақ Кемелұлы, Тәушен Әбуова және Отырардан шыққан көптеген ақын-жазушылар жайлы деректер мен олардың төл дүниелері бар. Сонымен қатар, бабтардың бабы - Арыстанбабтың мөрі де келушілер назарына ұсынылды.Төл тарихымыз, тұлғаларымыз жайлы кеңінен ақпарат беріп, өңірімізден шыққан ұлыларды танытуға арналған көрме келушілер үшін тағылымға толы болғандығы анық",-дейді "Руханият Әбу Насыр әл Фараби" музейінің директоры Алмас Жұмашев.


"Қызылорда қаласынан Қожа Ахмет Ясауи бабамызға құран бағыштап, зиярат жасап келдік. Сапарымыз тарихи көрмелерді тамашалауға ұласты. Қуаныштымыз. Тарихымыз алдында танымы бөлек бабаларымыздың көзін көргендей күйге бөлендім. Еңбектеріңізге табыс тілеймін",-деді Түркістан қаласына келген Күләш Батырова.


Көрме аясында Түркістан қалалық Мәдениет үйінің концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, рухани астанада өнер туын желбіретіп жүрген өнерпаздар халық әндері мен жергілікті композиторлардың шығармаларын орындап, ел қошеметіне бөленді.
Елбасы мақаласының мәнін тарихи көрмелер арқылы насихаттай отырып, қала тұрғындарының демалыс күндері мәдени-рухани тынығуына үлес қосу мақсатында қолға алынған шара әр аптаның сенбі күндері тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.