ТҮРКІСТАН: Назарбаев зияткерлік мектебі 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі

0
1 076

Жалпы 78 мектептің құрылысы жүргізілуде.


ТҮРКІСТАН: Назарбаев зияткерлік мектебі 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі

Түркістан облысы әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында тамыз педагогикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы бойынша жалпы 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, облыстық бюджеттен 70 мектеп, «Ауыл-Ел бесігі» жобасымен 8 мектеп. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен өңірдің білім беру саласы қызметкерлерінің «Білімді ұлт – тұрақты дамудың кепілі» тақырыбында өткен облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде айтылды.


Облыста 6 апатты және 4 үш ауысымды мектеп бар, оның ішінде биыл 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Қалған 4 апатты және үш ауысымды мектептің 3-нің мәселесі 2021-2023 жылдар аралығында толығымен шешімін табатын болады. Ағымдағы жылы бағдарлама аясында жалпы 47 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 44 мектеп бюджет, 3-уі – жеке инвестиция есебінен. 1 қыркүйек айына 44 мектептен 17-сі пайдалануға тапсырылып, қалғаны жыл соңына дейін. Бұдан бөлек, 108 мектепті жаңғырту жоспарланған.


Бұған қоса, облыста 12 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылып, оның 5 мектебі тамыз айының соңында аяқталса, қалған 6 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 1 мектеп 2022 жылға өтпелі. Мектептегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста 900 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.


Сонымен қатар, Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру саласына 2021-2022 оқу жылына орта білімді кадрларды даярлауға 52 мамандық бойынша 6 092 орынға мемлекеттік грант берілді. Оның 3 432 орны білікті жұмысшы кадрларды, 2 460 орны орта буын мамандарын, 200 орны қолданбалы бакалавриат мамандарын даярлауға бағытталған.