Қазақстанның Тұңғыш Президенті қаладағы жаңа нысандардың құрылыс қарқыны жоғары екенін атап өтті.
фото: elbasy.kz
Түркістан қаласына іссапармен келген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қала аумағындағы жаңадан бой көтерген бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жұмыс сапары аясында жаңа Неке сарайының жұмысымен танысқан Елбасы шаңырақ көтеріп жатқан жас отау иелерін құттықтап, бақыт пен береке тіледі.
Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің автоматтандырылған процесімен де танысты. Онда Нұрсұлтан Назарбаевқа «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсету үшін ыңғайлы және сапалы жағдай жасау бойынша қабылданған шаралар жөнінде ақпарат берілді.
Сонымен қатар, сапар барысында Елбасы Түркістан қаласындағы жаңа музыкалық мектебіне ат басын бұрып, өңірде өнер мен мәдениет саласын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді. Оған қоса Балалар шығармашылық ұжымдары Қазақстанның Тұңғыш Президентіне бірнеше музыкалық қойылым көрсетті.
Одан кейін Елбасы Түркістан қаласында БАҚ өкілдеріне арналған «Алатау медиа-орталығы» ғимаратына да барып, өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған жұмыс бөлмелерін аралап көрді. Өз кезегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті қаладағы жаңа нысандардың құрылыс қарқыны жоғары екенін атап өтті.
"Шымкент миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Осыған орай біз жеке Түркістан облысын құрдық. Бұл көптен бері ойымда жүрген еді. Осылайша біз үлкен құрылыс бастадық. Мұның бәрі астанамыздың құрылысын еске түсіреді. Енді еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді. Осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр", - деді Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік БАҚ өкілдеріне.
дереккөз: elbasy.kz