ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі Мақтааралдағы мәселелерді шешуді тапсырды

0
562

Халықпен тығыз байланыста қызмет атқарудың жолын айтты.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі Мақтааралдағы мәселелерді шешуді тапсырды

Өмірзақ Шөкеев Мақтааралдағы өзекті мәселелерді шешуге күш салуды тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Түркістан облысында аудан, қала әкімдерінің есептері ерекше форматта өтіп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан басшыларын қабылдап, атқарған жұмыстарын саралайды. Кемшіліктер айтылып, шешу жолдары ұсынылуда. Анықталған мәселелер бойынша өңір басшысы аудан, қалаларға жұмыс сапарымен барып, елмен кездесіп, түйткілдерді тарқатады. Бүгін Мақтаарал ауданының даму қарқыны, өзекті мәселелері талқыланды.


Облыс басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіштері кеміген медициналық және әлеуметтік салалардағы қиындықтарды шешуге күш салуды қадап айтты. Су үнемдеу технологияларын, жылыжайларды көбейтіп, тұрақты жұмыс орындарын арттыру үшін ауыл шаруашылығы саласын дамытып, халықты тартуды тапсырды. Өмірзақ Шөкеев ауданда кейбір индикаторларды орындау бойынша жұмысты күшейтуді міндеттеп, халықпен тығыз байланыста қызмет атқарудың жолын айтты.


«Әр ауылдың әкімі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын толық білулері тиіс. Қанша жұмыссыз адам бар екенін анықтап, олармен сөйлесу керек. Бәлкім, істің орайын таппай жүрген шығар. Не керек екенін сұрап, ауыл шаруашылығы техникасын, құрылғысын тауып берген жөн. Ауыл шаруашылығы арқылы мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға болады. Әр ауылды жеке қадағалап, жұмыс орнын ашуға күш салыңыз», – деді Ө.Шөкеев.