ТҮРКІСТАН: Облыс тұрғындарының назарына «1424» көркем фильмі ұсынылды

0
968

Фильм ​«9 - желтоқсан Халақаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында түсірілген.


ТҮРКІСТАН: Облыс тұрғындарының назарына «1424» көркем фильмі ұсынылды

Түркістан облысының тұрғындары назарына «1424» көркем фильмі ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл фильм «9 - желтоқсан Халақаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне» орай Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен түсірілген.

Қоғам дертіне қарсы алғаш рет түсірілген кинотуындының басты мақсаты - қоғамда белең алған жемқорлық көріністерін азайту және оған қарсы мәдениеттің жарқын үлгісін қалыптастыру, әрі халықтың азаматтық белсенділігін арттыру арқылы сыбайластықтың жолын кесу.

Көркем фильмді киелі өңірдің барлық елді мекен тұрғындары, жас өскелең ұрпақтан бастап ардагерлерге дейін үлкен залдарда тамашалады.

Адамгершілік пен әділетсіздік қатар бейнеленген фильмді тапжылмай тамашалаған қалың көрерменнің бірі «Қоғам келбетін жарты сағатқа сыйғызып, көпшілік санасына жеткізу - үздіксіз еңбек, үлкен шеберліктің нәтижесі» деп оң пікір білдірсе, бірі «Бұл фильм пайдакүнем пенделердің сірескен ой-санасын сілкінтуге сеп болады», -деп көркем фильмнің сапасы мен мазмұнын жоғары бағалады.

Көрермендердің көпшілігі көркем фильмде оңай олжаға құмартқандардың айлалы әрекеттері мен қатыгез бейнелері ашық көрініс тауып, тағдыр тауқыметін тартқан ағайындылардың бауырға деген шексіз мейірімі шебер суреттелгенін айтып бақты.

Айта кетсек, «1424» көркем фильмінің өзіндік ерекшелігі – барлық рөлдерді Департамент қызметкерлері мен Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылының» тәрбиеленушілері жоғары деңгейде сомдап шықты.