ТҮРКІСТАН: Облыста ауыл шаруашылығы жалпы өнімі 140 млрд теңгеге жетті

0
788

Қазіргі таңда Түркістан облысында ерте пісетін 245,4 мың тонна көкөніс, пленка астында егілген яғни ерте пісетін 11 мың тонна бақша, 22,3 мың тонна картоп пен 2 мың тоннаға жуық жеміс-жидек жиналған.


ТҮРКІСТАН: Облыста ауыл шаруашылығы жалпы өнімі 140 млрд теңгеге жетті

Биылғы жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму қарқыны байқалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мәселен, жыл басынан бері тамшылатып суғару әдісі қосымша 1,7 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 19,3 мың гектарға жетіп отыр. Ал жылыжай көлемі 55,02 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 1 168,0 гектарды құрады. Бүгін бұл туралы Кентау қаласы Шаға ауылында өткен «Егінжай – 2020» атты ауыл шаруашылық облыстық семинар-кеңесінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлім етті.

Бүгінгі күнге облысымыздағы жылыжайларда жалпы 88,2 мың тонна өнім өндірілген. Оның 32 мың тоннасы қияр, 55,2 тоннасы қызанақ, 130,7 тоннасы қырыққабат, 656,8 тоннасы бұрыш.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Бұл іске 127 ауыл округтегі 1668 агроқұрылым жұмыла кірісіп отыр. Нәтижесінде 4,3 мың гектар егістік алқап екінші өнім алуға дайындалуда.

«Бір ғана Шаға ауылдық округінде 177 шаруа қожалық 3 кооперативке біріктірілді. Нәтижесінде 886 гектарға 21 бірлік жаңбырлатып суғару технологиясы ендірілді. Оның 733 гектарына күздік бидай, 260 гектарына жоңышқа, 312 гектарына жүгері дақылдары егілді. Жыл соңына дейін қосымша 1099,0 гектарға 20 бірлік жаңбырлатып суғару қондырғылары орнатылып, жалпы көлемі 1985 гектарға жеткізіледі», – деді Н.Бадырақов.

Осылайша Түркістан қаласы айналасында азық-түлік белдеуі қалыптасып келеді. Қазіргі таңда Түркістан облысында ерте пісетін 245,4 мың тонна көкөніс, пленка астында егілген яғни ерте пісетін 11 мың тонна бақша, 22,3 мың тонна картоп пен 2 мың тоннаға жуық жеміс-жидек жиналған. Бұдан бөлек, 727,2 мың тонна мал азығы дайындалған. Жалпы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жалпы өнімі 140 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,1 пайызға жетіп отыр. Жыл соңында ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылдан 77 млрд.теңгеге артып, 706,0 млрд.теңгені құрайтын болады.