ТҮРКІСТАН: Облыстық мәслихаттың сессиясында маңызды мәселелер қаралды

0
448

5 мәселе бойынша тиісті басқарма басшылары баяндама жасады.


ТҮРКІСТАН: Облыстық мәслихаттың сессиясында маңызды мәселелер қаралды

Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс үшінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2023 жылғы 12 маусымда сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс үшінші сессиясы өтті. Алдымен қатысушылар Абай облысындағы орман өртін сөндіру барысында қаза тапқан азаматтарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.


Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, басқарма басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов жүргізді. Облыс әкімі мәслихаттың жұмысына табыс тіледі.


«Бүгінгі сессияда көтерілген ұсыныстар қолдау тапты. Депутаттарға алғысымды білдіремін. Өңірді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жалғасуы тиіс. Біз мектептерді қоршау, лицензиясы бар күзетпен қамту және өзге де мәселелерді түбегейлі шешуді жоспарлап отырмыз. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Бес жылда облысты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Өңірдің экономикасы, Түркістан қаласының жаңа келбеті қалыптасты. Шаһардың әлеуеті, сәулеті артып, республикалық іс-шаралар өтіп жатыр. Түркістан қаласының инфрақұрылымы жасақталды. Ендігі кезекте ауылдарға көңіл бөлуіміз керек. Халықпен кездесу және көшпелі мәжіліс өткізу үшін ауыл-аймақтарды бірнеше реттен аралап шықтым. Жағдайын, мәселелерін жақсы білемін. Президентіміздің тапсырмасымен «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асуда. Өңірімізге 20 млрд. теңгедей бөлінді. Осы ретте жобаны жүзеге асыру үшін 32 ауылға бір-бір депутаттан бекітіліп, жұмысқа атсалысса деген ұсыныс бар. Елге түсіндіріп, кәсіппен қамту керек. Екіншіден, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстарға сіздер де үлес қосады деп сенемін. Тұрғындарымыздың 90 пайызы ауылда тұрады. Оларға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту маңызды. Ауылдағы ағайынның әлеуетін көтеру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деді Дархан Сатыбалды.


Күн тәртібінде Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 24 тамыздағы №14/172-VI «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекетттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №42/442-VII «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясының дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі 17/220-VII «Облыстық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелері қаралды.


Сонымен бірге «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы; Түркістан облысының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ұсыныстар да қаралды.


Аталған 5 мәселе бойынша тиісті басқарма басшылары баяндама жасады. Сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.