Түркістан облысы "Dogus Group" компаниясымен ынтымақтастық орнатады

0
411

Кездесуде агроөнеркәсіптік кешен, қалдықтарды өңдеу, жоғары технологиялар мәселелері талқыланды.


Түркістан облысы

Түркістан облысы әкімінің орынбасары "Dogus Group" түрік компаниясымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов Түркия делегациясының Түркістан облысына ғылыми сапары барысында "Dogus Group" түрік компаниясымен кездесті.


Кездесуде агроөнеркәсіптік кешен, қалдықтарды өңдеу, жоғары технологиялар, сондай-ақ өңірдегі туризмді дамыту саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар тараптар Нигдэ Өмер Халисдемир университетінің ауыл шаруашылығы факультеті мен қазақстандық университеттер арасындағы академиялық деңгейдегі әлеуетті ынтымақтастықтың өзара тиімділігі туралы келіссөз жүргізді.


"Облыста индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істейді. Одан бөлек, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша түркітілдес елдер арасында жаңа инвестициялық жобаларды ашу үшін TurkSEZ (түркі еркін-экономикалық аймағы) құру жоспарлануда. Туристік пакеттердің ашылуы екі тарап арасындағы туризмді дамытуға жаңа серпін береді", — деді Рашид Аюпов.


Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары қонақтарды Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, Түркия кәсіпкерлерін бірлескен жұмысқа шақырды.