Маңызды құжатта тараптар өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіреді.
Түркістан облысы және Шэньси өлкесі бауырластық туралы келісім жасасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Сиань қаласында жалғастырды. Ұлы Жібек жолының бастауы саналатын Шэньси провинциясында 47 миллионнан астам халық тұрады. Сиань қаласы Қытайдың рухани және мәдени астанасы саналады. Сапар аясында облыс әкімі Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэмен кездесті. Онда Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды.
Маңызды құжатта тараптар өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіреді. Сондай-ақ өңіраралық келісім бойынша екі жақ дамуды ынталандыру мақсатында сауда, ғылым мен техника, гуманитарлық алмасу, логистика, инфрақұрылым құрылысы, жаңа энергия көздеріндегі автомобиль өндірісі, білім саласындағы әріптестік пен түрлі нысандарда өзара алмасулар мен ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті.
Кездесу басында Дархан Амангелдіұлы ҚХР-ға жұмыс сапары барысында облыстық делегацияға көрсетілген қонақжайлылық пен жылы қабылдаулар үшін Шэньси провинциясы парткомитетінің хатшысына алғыс білдірді. Жұмыс сапарының мақсаты – екі ел көшбасшыларының уағдаластықтарын іске асыруды ілгерілету екенін жеткізді. Өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын айтты.
Облыс әкімі өңірлер арасындағы туристік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде диалогта болып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның барлық деңгейдегі тұрақты байланыстары екі елдің берік достығы мен тығыз қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай Халық Республикасы ТОП-5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал өткен жылы Түркістан облысымен өзара тауар айналымы 149 млн. АҚШ долларын құрады. Өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын түсіне отырып, өздеріңізбен тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз. Бүгінгі келісім өз кезегінде өңірлеріміздің түрлі салаларда дамытуына серпін беретіне сенім білдіремін», – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэ Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасындағы достық және экономикалық байланыс өте жақсы деңгейде екеніне тоқталды. Қазақ халқына, көршілес елге деген құрметі жоғары екенін жеткізді.
Шэньси провинциясы мен Қазақстан арасында сауда, экономика, білім беру, гуманитарлық алмасу салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстан-Қытай тауарларының көрмелері өткізіледі, көлік, білім беру саласындағы ынтымақтастық дамуда. Қазақстандық студенттер жоғары оқу орындарында оқиды. Шэньсиде көлік және логистика саласында дамыған. Өлке Қытайдың орталығында орналасқан, теміржолдары және әуе жолдары дамыған. 45 елмен және аймақпен теміржол байланысы бар. Үш климаттық белдеуде орналасқан өлке көмір қоры, мұнай, газ бойынша жетекші орында.