Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында штабтар ашылып, тұрғындардың көмектерін қабылдауда.
Түркістан облысынан Ақтөбе өңірінің су басқан аймақтарына 30 тонна гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еліміздің бірнеше өңіріндегі су тасқынына байланысты Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында 27 наурыздан бастап гуманитарлық көмек қабылдайтын штаб жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында штабтар ашылып, тұрғындардың көмектерін қабылдауда.
Қарғын су апаты аймағындағы зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созамын деген волонтерлар мен облыс тұрғындары игі іске өз үлестерін қосты. Алғашқы күннің өзінде тұрғындар, мәслихат депутаттары, жергілікті жомарт азаматтар ең қажетті және жолға жарамды заттармен қамтып үлгерді. Бірінші жүк көлігі Ақтөбеге жеткізіліп, облыс жастары оны үлестірді.
Ал бүгін Түркістан облысынан гуманитарлық көмек тиелген екінші керуен жолға шықты. Қазіргі таңда түркістандықтар 30 тоннаға жуық азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек, тұрмысқа қажетті заттар жинады. Сол жүкті жеткізу үшін аудандық және қалалық жастар орталығынан құрылған штаб мүшелері облыс орталығына келіп, бірлесе жұмыс атқарды. Қажетті заттар жүк көліктеріне тиелді. Гуманитарлық керуенді Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев шығарып салды. Ол игі іске үлас қосқан Түркістан өңірінің жұртшылығына, жастарына, кәсіпкерлеріне ризашылығын білдіріп, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қолдау көрсету жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Айта кетейік, қазір Ақтөбе өңірінде Түркістан облысынан барған 5 ерікті жас жұмыс апат аймағында жұмыс істеп жатыр. Оларға қосымша бүгін 10 белсенді жас аттанды. Олар апатты қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетеді.