Әрбір нысанның құрылысы жоспарланып, қатаң бақылауға алынған.
Биыл Түркістан облысында 100-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында халықты әлеуметтік нысандармен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен әрбір нысанның құрылысы жоспарланып, қатаң бақылауға алынған.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өзі жетекшілік жасайтын басқармалармен биыл атқарылатын жұмыстарды саралап, басты бағдарламаларды сапалы іске асыру жолдарын қарастырды. Соның ішінде әлеуметтік сала бойынша жүргізілетін құрылыс шараларына барынша басымдық берілмек.
Биыл Түркістан өңірінде 100-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысы басталады. Оның ішінде 52-сі білім саласы, қалған 49-ы денсаулық сақтау саласы бойынша салынады. Одан бөлек, өңірде ең ауқымды 6 жоба жүзеге асады. Сарыағаш қаласында 300 орындық перинаталды орталығы бар медициналық кешен, Ордабасының Темірлан ауылында 200 төсек-орындық заманауи перинаталдық орталық, Түркістан қаласында 210 орындық облыстық балалар ауруханасы, Мақтааралдағы Атакент кентінде 210 орындық аудандық аурухананы салу жоспарлануда. Түркістанда 570 орындық көпсалалы аурухана құрылысы биыл аяқталады. Онда медициналық персонал штатын қалыптастыру төртінші тоқсанда басталады. Облыс орталығында Біріккен Араб Әмірліктерінің демеушілігімен 80 орындық перзентхана ғимаратын тұрғызуға келіссөздер жасалған. Сонымен қатар 8 аурухана күрделі жөндеуден өтеді.
Жоғарыда көрсетілген 49 медициналық нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынады. Жекелей талдайтын болсақ, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 мединицалық пункт құрылысы қарқын алады. Бұл нысандарды жыл соңына дейін тапсырып, халықты сапалы медициналық қызметпен қамту көзделуде. Ал қалған медициналық нысан қажет ететін ауылдардың мәселесін инвестор тарту арқылы шешу жоспарланған.
2023 жылы Түркістан өңірінде 20 жаңа мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. Қазіргі таңда облыс көлемінде 15 мектептің құрылысы жалғасуда. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасына сәйкес 2024 жылы – 29, 2025 жылы 34 білім нысаны ашылуы тиіс. Мұның бәрі орын тапшылығы, апат алдындағы немесе үш ауысымды мектептердің мәселесін жоюға тікелей әсер етеді. Бұлардан бөлек «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» 8 мектептің жобасын қаржыландыруға ұсынылған. Тиісті құжат рәсімдерінен соң ол нысандарда да жұмыс басталады. Тағы 23 жаңа білім беру ұйымының құрылысы немесе қосымша оқу корпустарын салуды жеке инвесторлар есебінен жүргізу қолға алынуда.
Оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында алдағы үш жылда халқы тығыз орналасқан аудан, қалаларда 2 Оқушылар сарайы және 7 «Өнер» мектебі салынады.
Облыстағы 251 мәдениет мекемесінің 45-і ғимаратсыз отыр. Бірі әкімдік не мектепте, енді бірі жекеменшік ғимаратта жұмыс істеуде. Былтыр «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша кітапханасымен бірге 13 мәдениет үйі қолданысқа тапсырылып, 2-еуі күрделі жөндеуден өтті. Осы жылы Мақтаарал, Жетісай, Сайрам және Шардара аудандарында жалпы 4 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіледі. 2024 жылға өтпелі болған Сауран мен Жетісай аудандарында 2 клуб мекемесі, Отырар, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби, Созақ, Келес аудандарындағы 7 ауылдық мәдениет үйінің құрылысы қайта жанданады. Сондай-ақ этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға серпін беретін «Достық үйі» ғимаратының кірпіші былтыр Түркістанда қаланды. Биыл 4 қабатты нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.