Түркістан облысында 222 метрлік жаңа көпір салынды

0
1 050

27 млн. 750 теңге қаржы бөлінген.


Түркістан облысында 222 метрлік жаңа көпір салынды

Түлкібас ауданында Арыс өзенінен өтетін жаңа көпір салынды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Түлкібас ауданы орталығының маңында орналасқан Қарағашты ауылының тұрғындары аудан орталығын теңдей екіге бөліп тұрған Арыс өзенінен өту үшін 3 шақырым жолды айналып өтіп, аудан орталығына жаяу қатынау тұрғысында көптеген қиындықтарға кездесетін. Сондықтан да бұл мәселе бірнеше жылдардан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан еді. Биыл осы жерде көпір құрылысы қолға алынып, бұл мақсатқа аудандық төтенше жағдайлар есебінен 27 млн. 750 теңге қаржы бөлінген болатын. Өзеннің деңгейі көтеріліп, арнасы таситын күз мезгіліне тұспа тұс берілген нысанның жалпы ұзындығы 222 метр. Бұл жерде көпір 90 метрді, ал көпірден шығатын аяқ жол ұзындығы 132 метрді құрап отыр. Түнгі жарықтандыру шамдары қойылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына да барлық жағдайлар қарастырылған.

Өзенге көпір салған ең үлкен сауапты істердің бірі екенін айтқан Қарағашты ауылының ақсақалдары мен тұрғындары бұл игі іске өз ризашылықтарын білдіріп, шексіз алғыстарын жеткізіп отыр.