Түркістан облысында 29 жасөспірім су айдынында қаза тапқан

0
549

Жазда 20 бала суға кетіп, көз жұмған.


Түркістан облысында 29 жасөспірім су айдынында қаза тапқан

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында жыл басынан бері 40 адам суға кетіп, қаза тапқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында жыл басынан бері қазіргі таңға дейін 40 адам суға кетіп, қаза тапты. Өкініштісі, оның 29-ы кәмелет жасына толмағандар. Ал, тек жазғы шомылу маусымында су айдындарында қаза тапқан 27 адамның 20-ы балалар. Бұл туралы брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.


Климаты ыстық оңтүстік өңірде жазда адамдардың суға түсуі сәуір айынан басталып, қазан айына дейін созылады. Төтенше жағдайлар қызметкерлері тарапынан өңірдегі 176 қауіпті орынға 450-ге жуық ескерту белгілері, 210 ақпараттық стендтер орнатылған.


«Облыс аумағында Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен аудандық, қалалық жергілікті полиция қызметімен бірлесіп 3000-ға жуық рейдтік жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, еріктілерді үгіт-насихат жұмыстарына тарту жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылып, бұл іске 2 136 ерікті тартылған. Суға шомылу кезінде өз күштерін жете бағаламау мен балалардың қараусыз болуы салдарынан қайғылы жағдайлар орын алған», - деді облыстың Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.


Айта кетейік, 2021 жылы республика бойынша 407 адам суға батып қайтыс болған. Өңірде оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында келер жылдың шомылу маусымында өзендер мен каналдар аумағынан арнайы шомылу орындарын ұйымдастыру көзделуде. Төтеншеліктер осылайша адам шығынын болдырмауға мүмкіндік туатынына сенім білдірді.