Өз жобаларын 6% жеңілдікпен қаржыландыру мүмкіндігі бар.
Түркістан облысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы азаматтарға кәсіпкерлік негізін үйретуді қолға алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында оқу курсына жалпы елімізде 10 733 адам өтініш білдірсе, оның 1317-сі Түркістан өңіріне тиесілі. Жоспарға сай Республика бойынша 30 мың адамды оқыту керек болса, оның 4 мыңға жуығы Түркістан облысынан. Бұл туралы Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков мәлімдеді.
«Үміткерлер https://atameken.co сайты арқылы тестілеуден өтеді. Кейін оларға 12 модульден тұратын бейне сабақтар ұсынылады. Олардың арасында табысты кәсіпкердің ойлауы мен дағдылары, бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспарлау, маркетингтік зерттеу, қаржылық сауаттылық, бизнесті құқықтық сүйемелдеу, салық салу және тағы басқа тақырыптар қамтылады. Оқуды сәтті аяқтаған тыңдаушылар мемлекеттен 200 АЕК көлемінде грант алу байқауына қатысуға мүмкіндік беретін сертификат алады. Сондай-ақ, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында өз жобаларын 6% жеңілдікпен қаржыландыру мүмкіндігі бар», – деді Т.Нақыпбеков.
Тыңдаушы соңғы тестілеудің қорытындысымен 12 балл (60%-дан жоғары) жинаса, оған бизнес-жоспар конструкторы ашылады. Бизнес-жоспар баллдық жүйемен бағаланады. 18 балл жиналса (60%-дан жоғары) қатысушы сертификат алады. Егер қатысушы тестілеу бойынша шекті баллды жинай алмаса, ол тестілеуден қайтадан өте алады. Мұндай мүмкіндік үш рет беріледі.
Айта кетейік, Жұмыспен қамту орталығы беретін жолдама 30 күнтізбелік күнге дейін жарамды. Демек, алғашқы лекке үлгермеген үміткерлер келесі лекке жазылуға мүмкіндік алады. Екінші лекке тіркеу 17 мамырда, үшінші лекке 14 маусымда, төртінші лекке 12 шілдеде, бесінші және алтыншы лектерге 9 тамыз бен 6 қыркүйекте басталады.