Түркістан облысында 40 мыңнан астам отбасыға АӘК тағайындалды

0
641

"Қамқорлық" бағдарламасы шеңберінде 33 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.


Түркістан облысында 40 мыңнан астам отбасыға АӘК тағайындалды

Түркістан облысында 42,3 мың отбасы немесе 237,5 мың адамға АӘК тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 42,3 мың отбасы немесе 237,5 мың адамға 12,3 млрд. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Олардың ішінде еңбекке жарамды 68 367 адамның 52,6 мыңы жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасымен қолға алынған "Қамқорлық" бағдарламасы шеңберінде өмірлік қиын жағдайға тап болған 1036 отбасына 308,5 млн. теңгеге демеушілік қолдау көрсетіліп, 33 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.


Бүгінде өңірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жұмыс орындарын көбейту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. «2022-2025 жылдарға арналған өңірдің жұмыспен қамту картасын» бекіту қолға алынған. Жауапты салалық басқармалардан 9 ұлттық жоба бойынша мәлімет жинақталып, 2022-2025 жылы 145,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарға енгізілді. Ал, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының мерзімін 12 айға ұзартып, жалақысын 91 890 теңгеге жеткізу ұсынылған.


Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды әрі басты мәселе екеніне тоқталып, бағдарламаларды әділ әрі сапалы жүзеге асырып, елге көмектесуді тапсырды. Аппарат отырысында коронавирус індетіне қарсы күресті тоқтатпау мәселесі де сөз болып, тиісті тапсырмалар берілді.