Түркістан облысында 5301 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер тұрады

0
716

Оның ішінде 22 соғыс ардагері мен соғыс мүгедегі бар.


Түркістан облысында 5301 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер тұрады

Түркістан облысында майдангерлерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 77 жыл толып отыр. Бүгінде Түркістан облысында 5301 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер тұрады. Оның ішінде 22 соғыс ардагері мен соғыс мүгедегі бар. Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер саны 154 болса, тыл еңбеккерлерінің саны – 5125. Жыл сайын Жеңіс күні мерекесіне орай жоғарыда аталған санаттағы ардагерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді.


Бүгін Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшылығы тарапыпан облыс орталығында тұратын ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігі мен қаланың белсенді жастары майдангерлердің шаңырақтарына арнайы барып мерекемен құттықтады.


Ұлы Отан соғысының ардагері Әбжаппар Дайрабайұлы 1927 жылы 1 қаңтарда Сыр бойындағы Тартоғайда дүниеге келген. 1943 жылы майданға алынып, Беларусь, Украинада, Польшаны азат етуге қатысқан. «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Елге оралғаннан соң ұстаздық еткен. Ардагер 3 қыз бен 2 ұлдан бірнеше немере тәрбиелеп отыр. Әбжаппар Дайрабайұлын мерекемен құттықтап, хал-ахуалын білген жастар Ұлы Отан соғысының ардагері Немет Абдрасиловтың шаңырағында болды.


Немет қария 1922 жылы 1 қаңтарда Түркістан қаласында дүниеге келіп, соғыс жылдары 1-гвардиялық артиллериялық дивизия құрамында нысанашы, зеңбірек командирі болған. Украина, Белоруссия майдандары мен Сталинград, Курск шайқастарына қатысқан. І дәрежелі «Отан», ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. Жүз жастан асқан ардагер 5 ұл мен 1 қыздан 20 немере, 18 шөбере сүйіп отыр.


Жас буын өкілдері ардагерлердің соғыста көрсеткен ерлігін бүгінгі ұрпақтың қамы үшін жасалғандығын айтып, сый-сияпат жасады. Батырларға деннің саулығын, ғұмырдың ұзақтығын тіледі.