Түркістан облысында «Бастау бизнес» жобасының үшінші легі басталады

0
614

Азаматтар өтінімді онлайн негізде бере алады.


Түркістан облысында «Бастау бизнес» жобасының үшінші легі басталады

Түркістан облысында 14 маусымнан бастап «Бастау Бизнес» жобасының үшінші легі басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жұмыссыз жандарды кәсіпке үйрету мақсатында қолға алынған жобаға қатысу үшін азаматтар өтінімді онлайн негізде бере алады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Лаура Бекмурзаева мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған жобаға қатысқан азамат жеке кәсібін дамытып, белгілі деңгейге жеткенге дейін мемлекет тарапынан жан-жақты түрлі көмектер беріледі.


«Жобаға қатысу үшін азаматтар https://atameken.co сайты арқылы өтініш бере алады. Үміткердің нысаналы мәртебесі расталған соң, оларға жолдама беріледі. Сосын азаматтар электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы тіркеуден өтеді. Сондай-ақ, қатысушыларға бизнес-жоспар құру, салық төлеу, заңгерлік және басқа да қызметтер көрсетіледі. Мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып оқу курсын сәтті аяқтағандарға арнайы сертификат беріледі. Нәтижесінде курс түлектеріне 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз қаржы беріледі немесе 6% жеңілдікпен несие ала алады», – деді Л.Бекмурзаева.


Кәсіп бастаушы азаматтармен бизнес-тренерлер және жобаны сүйемелдеуші кеңесшілер жұмыс істейді. Жалпы, жоба 5 лек бойынша қыркүйек айына дейін жалғасады. Карантиндік шараларға байланысты оқыту курсы онлайн форматта 21 күнге созылады.


Жобаға жұмыссыздар, еңбекке жарамды мүгедектер, жастар, соның ішінде NEET санатындағы қыз-жігіттер, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, оның ішінде якорлық кооператив мүшелері, өңірімізге қоныс аударған қандастар қатыса алады. Бала күтімімен демалыста жүрген аналар, орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттері жобаға қатыса алмайды.


Айта кетейік, жобаның бірінші легінде облысымызда 1 317 адам оқытылды. Ал, екінші легпен 1 046 адам оқу курсын аяқтап, бизнес жоспарын дайындауда. Биыл жыл соңына дейін облыста 3 650 адамды оқыту жоспарланған.