Жылына 2-3 өнім алу жобасы сәтті жүзеге асырылуда.
Биыл Келес ауданында 24 300 гектар егіс егілген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан Келес ауданына ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін 24 200 гектарға жеткізу, яғни 2019 жылғы егіспен салыстырғанда 684 гектар артық егіс егу тапсырмасы жүктелген. Тапсырмаға сәйкес, нақты әртараптандырудың арқасында биыл 24 300 гектар жерге егістік егілген. Оның ішінде астық - 7022 гектар аумаққа егілген болса, майлы дақыл – 213 гектарды құрайды. Сондай-ақ техникалық дақыл - 505 гектар, бақша – 2018,7 гектар, картоп -1989,2 гектар, көкөніс – 8166,5 гектар және мал азықтық дақылдары – 4307,6 гектар аумаққа егілген.
Сондай-ақ, Үкіметтің «Еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен жаңа технологияларды пайдалана отырып, жылына 2-3 өнім алу жобасы ауданда сәтті жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында 8 ауылдық округтен 1040,2 гектар жерге егіс егіліп, жалпы 218 шаруа қожалық аталған жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұдан бөлек, бастама аясында жыл соңына дейін тағы 50 жобаны іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.