Түркістан облысында ерлі-зайыпты 13 жетім баланы асырап алған

0
2 011

Олар асырап алған балаларды немереміз, олардан туған балалар шөбереміздей деп бауыр басады.​


Түркістан облысында ерлі-зайыпты 13 жетім баланы асырап алған

Жұмашевтар әулеті 1994 жылы өз үйінен жетімдер үйін ашып, 13 баланы бауырына басқан. Бүгінде 84 жасқа келген қария бұл қайырымдылығына көпшілікке жария еткісі келмегенімен, кейіннен сұхбат беруге келісті, деп жазады Sputnikке сілтеме жасап ERNUR.KZ.

Ысқақ қария өзінің жетім өскенін, сол себепті қиын-қыстау кезеңде жетім балаларды шамасы жеткенше жақсылық жасап, тәрбиесіне алуға бекінгенін айтты.

“Мен өзім жетім өскен адаммын. Алла нәсіп етіп, шаңырақ көтеріп, аяқтан тұрған соң тастанды балаларды тәрбиелеймін деген ой болды. Егемендік алған алғаш жылдары елде қиын заман болды. Көкек аналар балаларын көрінген жерге тастап кететін. Жұбайым екеуміз келісіп, дүние есігін енді ашқан сәбилерді өлтіріп алмайық, осыларға шамамыздың келгенінше көмек берейік деп осы балалар үйін аштық. Елбасымыздың өзі халыққа қолдан келгенше елге жәрдем беріңдер деп айтты. Біреулер егін егіп, бірі мал бағып, шамасы келгенше жұмысын дөңгелетіп отырды.

Мен өзім алпыс жыл дәрігер болған адаммын, қолымнан келгені қараусыз қалған балаларды қамқорлығыма алу болды. Осылайша халық санының артуына титтей болса да үлесімді тигізсем дедім. Бүгін ол арманым орындалып та жатыр. Тәрбиеленген қыздар тұрмысқа шығып, ұрпақ сүйіп отыр”, — дейді қария.

Ел арасында қария балаларды шетелге сату үшін асырап отыр деген қауесет тарағанын да жасырмады. Сара Алпысқызы қарияның ашқан балалар үйін көруге ниеттенгенде әлдекімдер оның жабылып қалғанын айтып, жалған ақпарат берген екен. Балалар үйіне 13 баланы асырап алған. Кейіннен бес баланың анасы келіп, перзенттерін алып кеткен.

Қарияның жұбайы қыздардың жігіттерге алданып жүкті болу себебінен, бірінің амалы жоқтықтан баласын тастауға мәжбүр болғанын айтады.

Бүгінде асырап алған үш қызды тұрмысқа берген. Екеуі ана болып үлгерген. Гүлжахан әжейдің өзі өмірге ұш ұл, екі қызды өмірге әкелген. Олар балалар үйін ашарда қарсы болмапты.

Қара шаңырақтағы келін-бала асырап алған балаларға жауапты. Қыздарды тұрмысқа беріп, тойын жасап, төсек-орнын беруді өз мойнына алған. Балалар оларды әке-ана деп атайды.

“Бізге келіп, анам кім?” деп сұраған емес. Мүмкін іштей ойланатын шығар. Керек десеңіз, олардың анасы кім екенін біз де білмейміз. Бізге полицейлер алып келген, құжатын рәсімдеп тәрбиелеп өсірдік. Кейде кенжеміз “Мені өмірге сұлу етіп алып келген, осындай сұлулық сыйлаған биологиялық анама рахмет” деп жатады”,-деді әжей.

Ысқақ қария бүгінде бала асырап алудың оңай шаруа емес екенін айтып, неліктен басқа бала асырап алмағанын түсіндірді.

Олар асырап алған балаларды немереміз, олардан туған балалар шөбереміздей деп бауыр басады.