Түркістан облысында карантиндік талаптар жеңілдетілді

0
673

Пневмонияға шалдығу көрсеткіші 47,5 %-ға төмендеген.


Түркістан облысында карантиндік талаптар жеңілдетілді

Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өңірде карантиндік шектеу шаралары кезең-кезеңмен жеңілдетілуде. Соңғы екі аптада коронавирустық инфекция аурушаңдығы 16,3 %-ға, пневмонияға шалдығу көрсеткіші 47,5 %-ға төмендеген. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.


«27-қыркүйектен бастап күшіне енген Қаулыда «қауіпсіз» мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілері болған кезде толымдылығын 50%-дан асырмай 100 келушіден көп емес жағдайда отбасылық іс-шаралар мен тойларды өткізуге, конференциялар мен форумдарды ұйымдастыруға рұқсат берілді. «Ashyq» жобасына қатыспайтын нысандарда жоғарыда аталған барлық шаралардың өтуіне тыйым салынады. Сонымен қатар, бұған дейін жексенбі күні жүруіне тыйым салынған қоғамдық көліктер сенбі, жексенбі күндері қызмет көрсетеді» ,-деді Нұрбек Садықбекұлы.


Жаңа Қаулыда толымдылығы 70%-дан аспайтын 500 келушіден артық емес түрде «қауіпсіз» мәртебедегі азаматтардың қатысуымен көрме өткізуге болады делінген. Ашық ауада 1000 адамнан артық емес жағдайда марафондар, спорттық іс-шаралар келушілердің толымдылығы 80%-дан асырылмай өткізілуі тиіс.


Облыстың бас дәрігерінің орынбасары Алтын Мейрамбайқызының айтуынша, аймаққа коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентінің 908 630 данасы, II компоненттен 813 470 дозасы жеткізілген. Екпе егу бойынша облыс халқының 95%-ы I компонентін, 76,8% II-компонентін салдырған.