Түркістан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

0
341

3500-ден аса ер азаматқа SMS-хабарлама жіберу жоспарлануда.


Түркістан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Кентау қаласында орналасқан облыстық жинақтау бекетінде 40 азаматты шығарып салу шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірінде күзгі шақыру науқаны басталды. Бүгін алғашқы легі Алматы облысындағы ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери бөліміне аттанады. Кентау қаласында орналасқан облыстық жинақтау бекетінде 40 азаматты шығарып салу шарасы өтті.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Бейсен Тәжібаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев, ҚР Қарулы Күштеріне ардагерлері Кеңесінің Түркістан облысы филиалының төрағасы, запастағы подполковник Бабай Алдабергенов және әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты өкілдер қатысты.


Әскерге шақырылушылармен тілдескен Бейсен Дәулетұлы Отан алдындағы борышты өтеу әрбір - азаматтың басты мақсаты болуы керектігін айтты. Сондай-ақ ерікті түрде әскерге жолдау арнайы комиссияның бақылауында екенін еске салып, сарбаздарға сәттілік тіледі.


«Түркістан өңірінің жастары ҚР Қарулы Күштеріне және басқа да әскери құрылымдарында әскери қызмет өткеруі бойынша сандық және сапасы жағынан алдыңғы қатарда жүреді. Мәселен, биыл көктемгі шақыру науқанына 18-27 жас аралығындағы 2 мыңнан астам азамат борышын өтеуге жолданды. Енді күзгі шақыру науқанында цифрландыру шаралары қолданылмақ. Туған жер мен отанды қорғау – әркімнің ең әуелгі азаматтық міндеті. Отаншылдық пен өжеттілікті жаныңызға серік етіп, әскери өмірмен және еліміздің 20 облысынан жиналған өздеріңіз секілді шақырылушылармен танысасыздар. Қызығушылық болса, әскери құрылымдарда жұмыс істеуге баспалдақ болады. Отан алдындағы борышты абыроймен атқарып, жақындарыңызбен қауышуға тілектеспіз», — деді Бейсен Дәулетұлы.


Н.Дүйсебаевтың айтуынша облыстағы 3500-ден аса ер азаматқа тұрғылықты мекен-жайлары бойынша жергілікті әскери басқару органдарына шақыру туралы SMS-хабарлама жіберу жоспарлануда. Жуырда әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу куәліктерін беру және әскери қызмет өткермеген азаматтарға әскери билеттер табыстау шаралары жойылып, электронды форматқа көшеді. Цифрландыру бағдарламасы аясында қазіргі уақытта әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою және шығару тұрғылықты жері өзгерген кезде автоматты режимде жүзеге асырылады.