5 гектар егістіктен 11 тоннадай өнім алған.
Жетісай ауданында мақта терім науқаны басталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Жетісай ауданы "Ынтымақ" ауылдық округіне қарасты Талапты ауылының тұрғыны "Алтын" шаруа қожалығының төрағасы Ауашов Қуанышбек өзінің иелігіндегі 15 гектар жеріне егілген мақтаның бүгінгі таңда 5 гектарын арнайы терім машинасымен жинап, одан 11 тоннадай өнім алып үлгерген.
"Биыл мақта жинауды ертерек бастап отырмыз. Бұл өз кезегінде өнімді жерде қалдырмай толық жинап алуға өз септігін тигізеді. Арнайы комбайнмен мақтаны жинау қол теріміне қарағанда тиімді. Бұйырса алдағы 2-3 күнде бірінші терімді толық жинап боламыз" - дейді шаруа қожалығының төрағасы Қуаныш.
Ал ауыл әкімі Марат Жұрқабаев: "Ынтымақ ауылдық округінің жалпы жер көлемі 6683, 5гектарды құрайды. Оның ішінде 4664 гектарына мақта егілген. Биылғы меже өнімді жерде қалдырмай толық жинап алу. Бұйырса мол өнім аламыз деп отырмыз. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес округте 20 комбайн мақта терім науқанына дайын тұр" - дейді.
Айта кетейік, биыл жалпы Жетісай ауданы бойынша егілген мақтаның көлемі 48943,8 гектарды құрайды.