Түркістан облысы республикада алғаш болып, цифрлық жүйені білім саласына енгізді.
ERNUR.KZ. Түркістан облысында мектепке интернет арқылы орналасуға болады. Енді мұғалімдер жұмысқа кіру үшін таныс-тамыр іздемейді. Облыстың барлық мектептерінде jumys.sitcen.kz порталы іске қосылып, бос жұмыс орындары осы жүйеге орналастырылған, деп жазады 24.kz.
Түркістандық Жалғас Батырхан «Серпін» бағдарламасымен Орал қаласында білім алған. Бағдарламаның шарты бойынша ол сол жақта еңбек етуі тиіс еді. Бірақ зерек жас jumys.sitcen.kz порталына кіріп, туған жерінен жұмыс іздепті. Математика пәнінің мұғаліміне сұраныс көп болғандықтан, осы бағдарламаның арқасында өз ауылындағы мектепке орналасқан. Жас маман жаңа жүйеге дән риза.
Жалғас Батырхан, жас маман: – Жалпы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша ақпараттың ашықтығы мен жариялылығы негізінде құрылған бұл жоба ұтқыр жоба деп есептеймін. Жемқорлықтың алдын алады. Сонымен қатар жастардың бос жұмыс орнын оңай табуына үлкен мүмкіндік береді. Сапалы кадрларды бірден табуға ықпал етеді деген сенімдемін.
Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жолдама алу мен оқушыларды мектепке қабылдау да mektep.sitcen.kz порталы арқылы онлайн режимде жүзеге асырылады. Мәселен, биыл аймақта электрондық жүйе арқылы 54 751 оқушы 1-сыныпқа қабылданыпты.
Нәсиба Ибадуллаева, Түркістан қаласының тұрғыны: – Баламды жақын маңдағы мектепке беру үшін мен ең алдымен өзіме жақын мектепке бардым. Ол жерден mektep.sitcen.kz сайты арқылы тіркелу керек екенін білдім. Олар маған қалай кіру жолдарын түсіндірді. Керекті мәліметтерді толтыру арқылы және осы сайт арқылы баламды тіркедім.
Биыл облыстағы 481 мектепке дейінгі білім беру ұйымына жолдама беру және кезекке қою осы жүйе арқылы жүзеге асқан. Бұл аймақтағы балабақшалардың 35 пайызын қамтиды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Cондай-ақ өңірдегі 902 мектептің барлығы jumys.sitcen.kz порталына қосылған. Қатардағы қызметкерден бастап, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау онлайн режимде іске асырылады. Бүгінде аймақта 1239 адам осы жүйе арқылы жұмысқа орналасқан.
Әшір Елтаев, қосымша білімді дамыту орталығы директорының орынбасары: – Мұның тиімділігі кез келген білім ұйымдарына барып, жұмыс іздеудің қажеттілігі жоқ. Порталға кірсе болды, Түркістан облысының кез келген ауданындағы бос орындардың бар екені көрініп тұр. Сол портал арқылы өзінің түйіндемесін жолдай алады.
Айта кетейік, Түркістан облысы республикада алғаш болып, цифрлық жүйені білім саласына енгізді. Бұл жүйе білім саласындағы ашықтық пен қолжетімділікке жол ашып, өзінің тиімділігін көрсетті. Болашақта еліміздің барлық аймағына жаңа жүйені енгізу жоспарланып отыр.