Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасады

0
272

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша құлшыныспен жұмыс істеу қажет»


Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасады

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып, тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелене түседі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Осы мәселеге байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Маңызды жиынға Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков, Полиция, Экология департаменттерінің басшылығы, аудан, қала әкімдері мен экобелсенділер қатысты. Өңір басшысы «Таза Қазақстан» акциясы бойынша атқарылған жұмыстар әкімдердің қызметін бағалауда назарға алынатынын жеткізді.


«Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жалғастырамыз және апта сайын пысықтап отырамыз. Бұл – Президенттің бастамасымен қолға алынған іс. Сондықтан оның маңызын әрбір әкім, әрбір мемлекеттік қызметкер терең сезініп, оны тұрғындарға жеткізе білулері керек. Әріптестер, «Таза Қазақстан» акциясы бойынша құлшыныспен жұмыс істеу қажет. Бұл – біреудің күштеуімен емес, өзіміздің ынтамызбен кірісетін жұмыс. Облыс аумағы таза болса, қоғам да, қоғамның ойы да тазарады. Сондықтан әрбіріңізден осы жұмысты жалғастыруды талап етеміз. Дұрыс нәтиже болмаса, ауыл округі әкімдері, аудан әкімдерінің жауапты орынбасарларына, тіпті, аудан, қала әкімдлеріне қызметтік шара көріледі. Барлық сала басшылары мен өкілдері атсалысуы тиіс. Білім, спорт, мәдениет, медицина мекемелерінің өкілдері өз аумақтарын тазартып, көгалдандырсын. Қоғам болып кіріскенде ғана аймақ тазарып, ажары ашылады», – деді Дархан Сатыбалды.


Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы бұл бастаманың әрбір өңірде сапалы өтуі Президент әкімшілігінің тұрақты бақылауында екенін айтты.


«Түркістан облысында акция аясында көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы тұрақты негізде жалғастыруды тапсырды. Осыған байланысты әкімдіктер халықтың экологиялық мәдениетін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған өңірлік жоспарларын әзірлеуі қажет. Қазіргі қолданыстағы абаттандыру қағидасы тиісті деңгейде әзірленбеген, сондықтан орындалуы ақсап тұр. Бұдан бөлек, қағидада аумақтарды күтіп ұстауға және тазалауға байланысты көптеген мәселелер ескерілмеген. Бұл орайда, Президент әкімшілігі тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне абаттандыру ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде нақты тапсырма берілді. Жаңа қағидада меншік иелерінің жеке және іргелес аумақтарды күтіп-ұстауы, елді мекендердің және ғимараттардың сыртқы архитектуралық келбетін жақсарту мәселелері қарастырылуда. Сондай-ақ қыс мезгілінде аумақтарды жинау, қарды, мұзды және қоқысты жинаудың нақты мерзімдері мен әдістері көрсетіледі. Бұл жұмыстарды атқаруда тұрғындар мен бизнес өкілдерінің қатысуына басымдық беріледі», – деді Ерлан Исабеков.