Түркістан облысында жедел жәрдем қызметі жаңғыртылады

0
1 366

Call-орталықта бір ауысымда 15 диспетчер қоңырау қабылдаса, 7 қызметкер шақыртуды бригадаларға бағыттап отырады.


Түркістан облысында жедел жәрдем қызметі жаңғыртылады

Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы тәулігіне 3500-ге жуық қоңырау түседі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Биыл сәуір айының 1-нен бастап өңірдегі бекеттер мен бөлімшелер Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына орталықтандарылған болатын. Базасында бірыңғай Call-орталығы ұйымдастырылды. Мұнда халықтан тәулік бойы шақыртулар қабылдануда. Call-орталықта бір ауысымда 15 диспетчер қоңырау қабылдаса, 7 қызметкер шақыртуды бригадаларға бағыттап отырады. Түскен шақыртулар «КӨМЕК» автоматтандырылған басқару жүйесімен өңделеді. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Медет Мейірханұлы мәлім етті.

Жалпы бірыңғай 103 нөміріне қоңырау шалғанда диспетчер белгілеп жазып алатын нәрселер: науқастың аты-жөні, жасы, жынысы; науқастың жағдайы, оқыс оқиға, апат, жарақаты туралы толық мәлімет; мекенжайы мен телефон нөмірі, сондай-ақ науқастың орналасқан жері туралы бағыт-бағдар. Қоңырау шалған уақыттан бастап диспетчер алынған мәліметті шақыру санатына байланысты сұрыптап, оны жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырғанға дейін уақыт 5 минутты құрайды.

«ҚР ДМ 03.07.2017 ж шыққан «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» №450 бұйрығына сәйкес жедел жәрдем қызметкерлері 4 жеделдік санат бойынша көмекке жол тартады. Атап айтсақ, адам өміріне төнген тікелей қаупіне қарай 1-жеделділік санаты бойынша жедел жәрдем қызметі он минутқа дейін жетеді. 2-жеделдік он бес минутқа дейін. 3-жеделділік санаты – отыз минутқа дейін. Ал, 4-жеделділік санаты бойынша созылмалы ауруының асқынуынан туындаған және науқастың денсаулығына тікелей қауіп төнбейтін жағдайда алпыс минутқа дейінгі уақытта жетеді. Әр желілік жұмыс тобында тікелей Call-орталықтан шақыртуды қабылдау планшеттері (комуникатор) бар. Барлық автокөліктер GPS-навигаторларымен қамтылған. Бұл өз кезегінде әр бригаданың қай жерде екенін Онлайн режимде 24 сағат бойы бақылауға мүмкіндік береді. Тәулігіне орталыққа 3500-ге жуық қоңырау түседі. Сонымен қатар Call-орталықта 2 дәрігер тәулік бойы науқастарға және желілік бригадаларға медициналық кеңес береді», – деді М. Мейірханұлы.

Облыс бойынша жедел жәрдем қызметінің басшысының айтуынш, алдағы уақытта аталған қызметтің әрі қарай жетілдіріле түсетін болады.

Айта кетейік, жыл соңына дейін қосымша 20-дан астам жедел жәрдем көлігімен қамтылатын болады. Қазіргі таңда шамамен 50 көліктің жетіспеушілігі байқалады. Жалпы, Түркістан облысының тұрғындарына 123 желілік бригада (39 дәрігерлік, 84 фельдшерлік) және 70 емханалардың медициналық алғашқы санитарлық бригадалары қызмет көрсетуде.