Түркістан облысының бас прокуроры ресми түрде таныстырылды

0
637

Тағайындалғанға дейін Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаментін басқарды.


Түркістан облысының бас прокуроры ресми түрде таныстырылды

Түркістан облысына ҚР Бас Прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев келіп, мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан облысына ҚР Бас Прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев келіп, мәжіліс өткізді. Жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Әсет Шындалиев Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі негізінде Бас Прокурордың 2023 жылғы 15 мамырдағы бұйрығымен Түркістан облысының прокуроры лауазымына тағайындалған аға әділет кеңесшісі Мұрат Әжінұрұлы Тлеубердиевті ресми түрде таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.


«Түркістанның тарихымызда орны айрықша. Өңірде ел қорғаған ұлы тұлғалар мен әулие-әмбиелер мәңгі қоныс тапқан. Қазіргі таңда туризм орталығы ретінде дамып келеді. Әр облыстың өз ерекшелігі мен күрделі мәселелері де бар. Оларды жедел түрде анықтап, жергілікті билік және уәкілетті органдармен бірге шешу қажет. Өңірдегі саяси-қоғамдық жағдай, халықтың әлеуметтік қорғалуы назарда болуы шарт. Әсіресе, су, жер, көмір жайылым мәселелерін шешуде жүйелі және кешенді шараларды қабылдау қажет», – деді ҚР Бас Прокурорының орынбасары.


Облыс әкімі Түркістан облысының прокуроры лауазымына қызметіне кіріскен Мұрат Тлеубердиевті құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.


«Түркістан өңіріне қош келдіңіздер. Жұмысыңызға табыс тілейміз. Түркістан облысының ерекшелігін жақсы білесіздер. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Демографиялық өсімі жоғары. Біз өңірдегі мәселелерді шешуде прокуратура саласы өкілдерімен ақылдасып тұрамыз. Өзге де құқық қорғау және уәкілетті орган басшыларымен тіл табысып, бірлесе жұмыс істеп келе жатырмыз. Бәріміздің мүддеміз де мақсатымыз да – біреу. Ол – елдің қамын ойлап, жағдайын жақсарту және осы бағытта Президент тапсырмаларын орындау», – деді Дархан Сатыбалды.


Мұрат Тлеубердиев 1973 жылы, 20 қарашада Алматы облысының Қаскелең ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1999 жылы Алматы қаласы, Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары бірқатар жауапты басшылық лауазымдарда қызмет еткен. Алматы қаласы, Алмалы ауданы прокуратурасының бөлім бастығы, қала прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, Әуезов және Алмалы аудандарының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары қызметтерін атқарған.


Тағайындалғанға дейін Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаментін басқарды.


Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Прокуратураның құрметті қызметкері.