Кемінде 40 мың жаңа жұмыс орны құрылады.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады.
Үкімет басшысы Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Халық сумен жабдықтау қызметтерімен 100%, газбен жабдықтау қызметтерімен 85,4% қамтамасыз етілетін болады. АӨК саласында бес жыл ішінде 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл жалпы өнім көлемін 729 млрд-тан 1,3 трлн теңгеге дейін арттыруға және еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бес жыл ішінде 5 млн ш. м. жуық тұрғын үй, 130 жаңа мектеп, 10 денсаулық сақтау нысанын, рухани-мәдени орталық және басқа да әлеуметтік сала нысандарын салу жоспарланған.
Көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асырылатын болады. Түркістан, Шымкент және Ташкент қалаларын байланыстыратын жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу, Түркістанда жаңа теміржол және авто вокзалдар салу жоспарлануда. Аталған шаралар жалпы өңірде өнеркәсіп көлемін 35%-ға, еңбек өнімділігін 52%-ға арттыруға жол ашады. Туристер ағыны жылына 1,2 млн-нан 2,5 млн адамға дейін артады. Кемінде 40 мың жаңа жұмыс орны құрылады.
«Кешенді жоспарды іске асырудың 5 жылы ішінде 3,6 трлн теңгеге 142 іс-шара орындалады. Түркістан облысының экономикасы 5 жылда 1,5 есе өседі», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бекітілген кешенді жоспары іс-шараларының уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.