Қорықшылардың бірі басынан ауыр жарақат алған.
Түркістан облысының полицейлері қорықшыларға қарсылық көрсетіп, оларды ұрып-соққан 6 браконьерді ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай АПБ-ның кезекші бөліміне Жетісай аудандық ауруханасынан дене жарақаты бар ер адамның жеткізілгені туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына шұғыл Жетісай полициясының жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты.
Тексеру барысында Шардара су қоймасында балық аулаумен айналысқан браконьерлерді ұстау кезінде жеке қорықшылық қызметінде жұмыс істейтін қызметкердің бірі дене жарақатын алғаны анықталды.
«Оқиға Шардарада болғандықтан, аталған жайт Шардара АПБ-нің СДТБТ-ға тіркеуге алынды. Екі тәулік бойы аудандық полицияның жедел тобы браконьерлердің жеке басын анықтау бойынша барлық қажетті іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде полицейлер қорықшыларға қарсылық көрсетуге қатысы бар деген күдікпен көрші Мақтаарал ауданынан 120 шақырым жерден 6 жергілікті тұрғынды ұстады», - деп хабарлады Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.
Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 380-бабы «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтайды.