Дәмді тағамдар ұсынылып, жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді.
Түркістан Оқушылар сарайы мен “Turan” футбол командасы арыстық балаларға Жаңа жыл кешін сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан Оқушылар сарайында Арыстағы Төлеген Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері Жаңа жыл тойлады. Ондағы 60 жуық баланы алдымен көңілді бишілер мен ертегі кейіпкерлері қарсы алды. Олармен бірге би билеп, қызықты ойындар ойнады. Жаңа жылдық кештің басты кейіпкерлері Сиыр жылы мен Барысты, Аяз Ата мен Ақшақарды қарсы алды.
Одан кейін кәсіби актерлер сомдайтын “Жаңа жылдық жалын құс” театрлық қойылымын тамашалады. Әсерлі қойылымнан шыққан балаларға дәмді тағамдар ұсынылып, жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді.
Аталмыш шараның өтуіне демеушілік жасаған “Turan” футбол клубының директоры Айбек Бауыржанұлының айтуынша, әр бала Жаңа жылдық көңіл күйді сезінуі және ғажайыпқа сенуі керек. Ал, әр баланың қуануына әрбіріміз себепкер бола аламыз.
Өздеріне арналған мерекені сезінген балалардың да көңіл-күйі тамаша. Олар да өз өнерлерін көрсетіп, кештің шырайын кіргізді. Әрі қарай балалар мерекені би алаңында жалғастырды.