Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам оқушы қатысты.
«Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубында Түркістан облысының 5 жылдығына орай шахматтан жасөспірімдер арасындағы ресупбликалық квалификациялық турнир өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубында Түркістан облысының 5 жылдығына орай шахматтан жасөспірімдер арасындағы ресупбликалық квалификациялық турнир өтті. Жарыс ұйымдастырушылары – «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубы, «KMF» микроқаржы ұйымының Түркістан қаласы бойынша филиалы және Түркістан қалалық шахмат федерациясы.
Турнирдің ашылу салтанатында Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Қолдасова Оразкүл сөз алып, шахмат ойынының балаларды дамыту тұрғысындағы маңыздылығын атап өтті.
Содан соң, мекеме директоры Индира Икапова өз ойымен бөлісіп, еліміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген қатысушыларға сәттілік тіледі.
"Шахмат — логикалық ой-өрісті дамытатын, әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Онымен айналысатын кез келген адам әр қадамын аңдап, есеппен басуға дағдыланады. Демек, бұл спорт біздің бүлдіршіндеріміздің де жан-жақты дамуына ықпал етеді. Сондықтан, осындай ауқымды турнир ұйымдастырып, дарынды балалардың басын қосып отырмыз. Қазір елімізден әлемді бағындырып жүрген Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева сынды шахмат шеберлері көптеп шығып жатыр. Осындағы балалардың арасынан да чемпиондар шығады деп ойлаймын", - деді қатысушыларға сәттілік тілеген «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубының директоры Индира Икапова.
14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы турнирге Алматы, Шымкент, Түркістан, Арыс, Жезқазған, Тараз, Кентау қалалары мен Түркістан, Ұлытау облыстары және Сауран ауданынан келген 150-ден астам оқушы қатысты.
Екі күнге жалғасқан турнир нәтижесі бойынша 6 жастағы балалар арасында Амангелді Бақберген жеңімпаз атанса, Айнабек Әбілмансұр екінші, Смағұл Самир үшінші орынға қол жеткізді. 7-8 жастағы ұлдар арасында Жаңабай Нұрсаят бірінші, Кенжебай Мади екінші, Абдуманапов Нұрислам үшінші және қыздар арасында Фазулова Сафия бірінші, Амангелді Аружан екінші, Дунганова Фариза үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар, 9-10 жастағы ұлдар арасында Өтеген Олжас бірінші, Асқарбек Әліби екінші, Асанов Әбутәліп үшінші, ал, қыздар арасында Әлімқұл Динара бірінші, Жандосқызы Еңлік екінші, Шарипова Раяна үшінші орынды қанжығалады. 11-12 жастағы ұлдар арасында Әлім Манат, қыздар арасында Ермахан Фатима топ жарса, Данияров Санжар, Сүлейман Батырхан, Айнабек Айзере, Ораз Гауһар есімді жас шахматшылар үздік үштік қатарынан көрінді. Сондай-ақ, 13-14 жастағы ұлдар арасында Махан Елдос бірінші, Халила Смағат екінші, Намет Ерасыл үшінші және қыздар арасында Әлімқұл Сандуғаш бірінші, Әбілқас Қасиет екінші, Набиханова Севинч үшінші орынды иеленді.
Турнир жеңімпаздары арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталса, сайысқа қатысушылар мен жетекшілерге алғыс хат табысталды.