ТҮРКІСТАН: Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдеріне қатаң ескерту жасады

0
833

Басшылардың ісі майшаммен қаралады.


ТҮРКІСТАН: Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдеріне қатаң ескерту жасады

Түркістан облысында карьерлерді заңсыз пайдаланушыларға қарсы тосқауыл қоя алмаған басшылардың ісі майшаммен қаралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында аудан, қалалардағы санитарлық тазалықты сақтауда кемшілікке жол берген және карьерлерді заңсыз пайдаланушыларға қарсы тосқауыл қоя алмаған басшылардың ісі майшаммен қаралады. Бұл туралы облыс әкімі аппараты отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Жауаптылардың немқұрайдылыққа жол бергенін қатаң сынға алған ол аудан, қала басшыларына заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға қарсы күресті күшейтуді тапсырды.


«Өзендерден тас қазылып, үлкен жүк көліктері бірінен соң бірі жолдан өтіп жатыр. Неге сіздер бір тапсырған нәрсені соңына дейін жүйелі түрде істемейсіздер? Прокуратура, полиция, көлік инспекциясы және өзге де құзырлы органдармен бірге жұмыс атқарыңыздар. Кеше ғана жөнделген жолдарға зиянын тигізуде. Комиссия жұмысын жандандырып, жүйелі жұмыс атқару керек», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Күн тәртібінде облыс аумағында санитарлық тазалықты сақтау мәселесі де қаралды. Облыс аумағында 2021 жылы тазалық саласында құқықбұзушылық жасаған 3 мыңдай азаматқа әкімшілік шаралар қолданылып, 3,9 млн. теңге айыппұл салынған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес бұл бағытта жұмыс күшейтілген. Облыс аумағында елді мекендердің аумақтарын көркейту, көгалдандыру, санитарлық тазалау жұмыстарының іс-шара жоспары және сенбіліктер кестесі бекітілді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Полатбековтың айтуынша, тазалық жұмыстары күшейе түскен.


«Сіздің өткен аптадағы лездемелік мәжілісте берген тапсырмаңызға сәйкес, облыс аумағындағы санитарлық тазалықтың жағдайын анықтау мақсатында облыс көлемінде жұмысшы топ құрылды. 16 аудан, қала әкімдіктеріндегі 183 ауылдық округ қамтылды. Қорытындысымен 537 бейберекет күл-қоқыс орындары анықталды», – деген ол тек 4 әкімдік қана тазалық жұмыстары бойынша тиісті мәлімет ұсынғанын, қалған аудан, қалалар әлі де жауап қатпай отырғанын айтты.


Сондай-ақ, облыс әкімі тазалыққа немқұрайды қараған әкімдерге қатаң ескерту жасады.


«Барлық аудан, қалалар әкімдіктерінде тазалыққа бір орынбасардан жауапты болып бекітілсін. Сол орынбасар арнайы бөлімді, қызметкерлерді үйлестіріп, санитарлық тазалыққа тікелей жауап береді. Келіп, екі минутта баяндама оқып, жиналыстан шыққан соң тапсырманы ұмытып кетесіздер. Маған құр баяндаманың керегі не? Осы салаға бір жауапты адамды бекітіп, жұмысты күшейтіңіздер. Тапсырманы орындамайтын адам бойынша ұсыныспен шығыңыздар. Санитарлық тазалық мәселесі жіті бақылауда болады», – деген облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне осы сала бойынша есеп беріп тұратындықтарын ескертті.


Сонымен қатар, мәжілісте қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтау полигондарын талапқа сәйкестендіру, елді мекендер аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстарына ақылы қоғамдық жұмысқа жолданатын азаматтарды тарту, «Таза қала», «Таза ауыл», «Таза аула», «Таза көше» конкурстарын ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар берілді.