ТҮРКІСТАН: Өңірдің туристік әлеуеті халықаралық көрмеде таныстырылады

0
676

Қазақстанмен қатар әлемнің 18 елінен туристік компаниялар қатысады деп жоспарланып отыр.


ТҮРКІСТАН: Өңірдің туристік әлеуеті халықаралық көрмеде таныстырылады

Халықаралық көрмеде Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылмақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сәуір айының 19-21 аралығында Алматы қаласындағы «Атакент» көрме кешенінде KITF «Туризм және саяхат» 21-ші Қазақстандық халықаралық көрмесі өтеді. Көрмеде отандық және шетелдік туристік бизнес өкілдері өздерінің туристік өнімдерін ұсынатын болады.


Биылғы көрмеге Қазақстанмен қатар әлемнің 18 елінен туристік компаниялар қатысады деп жоспарланып отыр. Халықаралық көрмеге Түркістан облысынан да арнайы делегация қатысады.


«Open Turkistan» ЖШС туризм ілгерілету бөлімінің басшысы Ерасыл Төлебаевтың айтуынша, KITF Қазақстандық халықаралық көрмесі елімізде 2001 жылдан бері өткізіліп келеді. Экспозиция туризм бойынша Орта Азиядағы ең ірі кәсіби алаң және елдегі туризм саласының басты оқиғасы болып саналады. Көрме индустриясының сарапшылар тарапынан KITF көрмесіне, B2B алаңының халықаралық стандарттарына сәйкестігі үшін UFI яғни, Дүниежүзілік көрме индустриясының қауымдастығы сапа таңбасы берілген.


«Түркістан өңірінің негізгі драйвері – туризм. Сондықтан мұнда туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру - бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінде Мемлекет басшысы Түркістанға рухани және тарихи астана мәртебесін беру ұсынысынына байланысты жұмыстар қызу жүріп жатыр. Алматыда өтетін биылғы көрмеде өңірдің туристік әлеуеті әлемнің 18 еліне таныстырылатын болады. Көрмеге Түркістан облысынан 10-нан астам компания, қонақүй, экотуризм бойынша заманауи демалыс орындары, IT компаниялары мен Халықаралық туризм және меймандостық университеті қатысады», - деді Е.Төлебаев.


Көрме аясында түрлі меморандумдарға, келісімдерге, мемлекеттер арасындағы аймақаралық және шекара бойындағы ынтымақтастық бағдарламаларына қол қойылмақ. Сонымен қатар, Қазақстан және Орта Азияның туристік индустрия нарығына арналған көрменің тиімділігін көрсететін республикалық жиналыстар, пленарлық отырыстар, роуд-шоу, семинарлар, презентациялар және басқа да салалық жиындар өткізіледі.