Д.САТЫБАЛДЫ: «ШҰБАРСУДЫҢ ӨЗ БРЕНДІ БОЛУ КЕРЕК»
Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданындағы проблемаларды тұрғындармен ақылдасып, бірлесе шешу үшін ауылдарды аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ордабасы ауданындағы есептік кездесуден кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтағы проблемаларды тұрғындармен ақылдасып, бірлесе шешу үшін ауылдарды аралады. Халықты толғандырған мәселелерді заң аясында шешу жолдарын түсіндіріп, атқарылған жұмыстарды баяндады.
Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінің халқымен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдап, өңірде қолға алынып жатқан жаңа жобалар жайлы айтып берді. Тұрғындар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Инфрақұрылым, жұмыс орындары және кәсіпкерлерге көмек туралы айтылды. Облыс әкімі тұрғындар көтерген барлық мәселе жіті назарда болатындығын жеткізді. Ауылға халыққа қызмет көрсету орталығының қажеттігін айтты. Дархан Сатыбалды тұрғындар тілегін құптады. Сондай-ақ ауыл тұрғындары өндіріс орындарын, тігін фабрикасын ашып, жұмыс орындарын көбейту туралы айтты.
"Облыста өндіріс саласын дамыту мәселесі біздің ұдайы назарымызда. Шұбарсудың өз бренді болу керек. Дәл осы саланы дамытуды ұсынамын. Кәсіпкерлерді тартып, зауыт, фабрика, цехтар ашуға күш салу керек. Еңбекқор халқымыз кез-келген салада нәтижелі жұмыс көрсететініне сенімдімін", - деді облыс әкімі Д.Сатыбалды.
Ордабасы ауданында облыс басшысының тікелей тапсырмасымен бірқатар игі істер атқарылып келеді. Шұбарсуда кәсіпкер өз қаражатына 2000 орындық мектеп салуда. Заманауи талаптарға сай білім ұясында балалар үшін барлық жағдай жасалмақ. Мектепте екі ауысымда 4 мыңға жуық оқушының білім алуына мүмкіндік бар. Құрылысты сапалы жүргізу үшін ауылдан 6 цех ашылған. Онда мектептің жиһаздары, терезе және құрылыс материалдары жасап шығарылады.
Темірлан елді мекенінде жеке кәсіпкер есебінен 70 га жерде 22 тұрғын үй салына бастады. 22 үй «Отбасы банк» арқылы беріледі. 50% банктен, 50% бюджеттен 0,1% қайтарымды негізде қаржыландырылады. Бұл баспана мәселесін шешудің тиімді жолы болмақ. Облыс әкімі Д.Сатыбалды бұл жобаны өзге аудандарда жүрізуге болатынын атап өтті.
Облыс әкімі аудандағы бірқатар өндіріс орындарын аралады. Ордабасы ауданында жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба, алюминий профилін өндіру цехы мен «Александровский сад» – көкөністерді өңдеу цехы іске қосылған.
Қазіргі уақытта қосымша газоблок және металл конструкцияларын жасайтын екі цехтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылғанда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.
Облыс басшысы «Бірыңғай Индустрияландыру картасы» аясында іске қосылған «KARLSKRONA LC AB» машина жасау зауытына барды. Жоба құны 1,7 млрд.теңге құрайтын Бадам ауылдық округіндегі кәсіпорында гидравликалық және пневматикалық жабдықтары, шойын, болат және құрылыс металл шығарылады. Болат құю өнімдерін, стандартты емес және электр жабдықтарын өндіруге арналған машина жасау зауыты жылына 5000 тонна өнімді ішкі нарыққа өткізеді.