ТҮРКІСТАН: Ордабасыда минералды емдік ас су өндірісі іске қосылды

0
950

Кәсіпорын өнімді экспорттау бойынша көршілес Өзбекстанмен келіссөз жүргізуде.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда минералды емдік ас су өндірісі іске қосылды

Түркістан облысында табиғи минералды емдік ас су өндірісі іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бөген ауылында «Бөген» табиғи минералды емдік ас су өндіріс орны іске қосылды. Сондай-ақ, «Әзімбай қажы» термалды шипажайы да ем алушыларға есігін айқара ашты. Салтанатты шараға аудан әкімі Бағлан Батыршаев қатысып, өңірдің табиғи шарт-жағдайын пайдаланып, кәсіп бастаған ауыл азаматтарына сәттілік тіледі.


«Ауданымызда жерасты термалды шипалы суларының қоры мол. Осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміздегі медициналық туризмнің дамуына үлес қосып жатқан кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. Бүгін ауданымызда сондай бір жаңа кәсіпорын ел игілігіне беріліп отыр. Алдағы уақытта Бөген ауылы туристердің қызығушылығын арттыра түседі деген ойдамыз», - деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.


Бүгінде аталған емдеу-сауықтыру шипажайы бір ретте 30-ға тарта ем алушыны қабылдай алады. Қазіргі таңда аталған жоба аясында екі монша, емдік шипажай, минералды ауыз су зауыты жұмыс істеп тұр. Жоба авторлары алдағы уақытта ауыл іргесінен бірдей уақыттп 180 емделушіні қабылдай алатын ірі шипажай құрылысын бастауды жоспарлап отыр екен.


«Шипажайымыздағы термалды судың құрамындағы магни элементі көптеген ауруларға ем. Әсіресе, біздің шипажай адам бойындағы улы заттарды шығаруға, қант диабетін емдеуге таптырмас мекен. Сондай-ақ, орталығымызда бес түрлі медициналық көмек көрсетіледі. Соның ішінде тамақ ауруларын емдеуге жаңа заманауи аппараттар қолданылады. Ем алушылар үшін бағасы тәулігіне 8000-8500 теңге», - дейді кәсіпорын басшысы Дариха Әбішева.


Қазіргі уақытта шипажайда 10-ға тарта қызметкер, ал, минералды су шығаратын зауытта 10 азамат жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның өндіріс көлемі артқан жағдайда ауыл тұрғындары тағы да тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Табиғи минералды емдік ас су 5л, 19л, 1.5л, 1л, 0,5 литрлік өлшеммен (5 литрлік су сағатына 500 дана, 1л, 1,5 литрліктері сағатына 700-800 дана) шығарылады. Осы уақыт аралығында Бөгенның шипалы сулары еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, көршілес облыстарға саудалануда. Кәсіпорын дайын өнімді экспорттау бойынша көршілес Өзбекстанмен келіссөз жүргізуде.