Жиынға облыстық ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері.
Ордабасы ауданында азық-түлік белдеуін қалыптастыру, халықты жұмыспен қамту мақсатында үй іргелік жерлерге жылыжай шаруашылықтарын салу және шағын мал бордақылау алаңдарын дамыту мақсатында көшпелі семинар кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ордабасы аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жиынға облыстық ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері, 10 ауылдық округ әкімдері мен диқандар қатысты. Семинар қатысушылары Қараспан ауылдық округіндегі «Сауленбаев Н» мал бордақылау алаңы, ЖК «Алтыбаев Ж» егістік алаңы, «Әбдіхалық А» ЖК үй іргелік жылыжай алаңының тәжірибесімен танысты. Әуелі «Сауленбаев Н» мал бордақылау алаңына барған қонақтар ауыл іргесінен салынған шағын шаруашылық алаңының тыныс-тіршілігін көріп, өздеріне қажетті мағұлмат алды. Бүгінде 100 басқа жуық жылқы тұқымын асыраумен айналысатын қожалық жақын күндері нарыққа жылқы етін шығаруды көздеп отыр.
Биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты елдегі қуаңшылық салдарынан шаруашылыққа қажетті ағын су тапшылығы байқалды. Дегенмен бұл жағдайдан дер кезінде қортынды шығарған қараспандық шаруалар тамшылатып суару әдісі арқылы табыс көзін еселей түсуде. Міне сондай еңбекқор шаруаның бірі – Жеңіс Алтыбаев. Қазіргі таңда бір гектар аумаққа қызанақ еккен диқан 100 тонна өнім алуда көздеп отыр. Қызанақ алқабына суды, оған қоса өнімді зиянкестерден қорғайтын дәрілерді арнайы құбырлар арқылы үнемдеп жеткізіп, артық шығыннан арылуда. Сондай-ақ, ізденімпаз азамат күннің суытуына байланысты өнімді үсікке ұрындырмау мақсатында қызанақ алқабын суықтан қорғайтын жамылғымен жауып үлгерген.
Ауылдық округтерден келген шаруаларға ұлтарақтай жерден үйдей табыс табудың жолын үйретуді көздеген аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің жауаптылары «Әбдіхалық А» ЖК үй іргелік жылыжай алаңын аралатып, жыл сайын қияр мен қызанақтан мол өнім алатын табысты диқанның ұзақ жылдарғы тәжірибесін үлгі етті.
Шаруалардың жаңашыл жобалырына қаныққан қонақтар жылыжай алаңы аумағындағы көшпелі семинарға қатысты. Жиынды аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Әбілда Әлібеков жүргізіп, кәсіпкерлер өз ойларын ортаға салды. Сарыағаштан арнайы келген жылыжай алаңында көшет өсіруші «Агро Тур» ШҚ менеджері Данияр Қалтаев, үй іргелік жерлерге жылыжай құрылысын салумен айналысатын жеке кәсіпкер Болатхан Әлиев өз тәжірибелерімен бөлісті.