ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев еріктілерімен еркін кездесу өткізді

0
526

Көп мәселенің күрмеуі шешілді.


ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев еріктілерімен еркін кездесу өткізді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жастармен "галстуксыз" кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазығұрт ауданында жастармен "галстуксыз", яғни еркін форматта жүздескен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өскелең буынның бойынан қандай қасиеттерді көргісі келетінін айтты. Өңір еріктілеріне алғысын білдіріп, ақыл - кеңес берді. Ұсыныс-идеяларын, мұң-мұқтажын тыңдады


Айта кетейік, Түркістан облысындағы жастар саны 470 мыңнан асады. Еріктілер 15 мыңнан асты. Елге көмектесіп, еңбек етіп жүрген ерікті жастар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, облыс басшысымен еркін түрде пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді. Өмірзақ Шөкеев жастардың айтқан ұсыныстарын негізге ала отырып, алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін алған білімдері мен күш-жігерлерін Түркістан өңірін түлетіп, өсіп-өркендеуі жолында жұмсауларына тілектестігін білдірді.


«Түркістан облысы – еліміз бойынша жастар ең көп шоғырланған мекен. Өңірде еріктілер қозғалысы өте жақсы деңгейде. Біз жастардың қозғалыстарын қолдаймыз. Президент тапсырмасымен еріктілер жылында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Көшбасшы жастар шығып жатыр. Арыс апаты кезінде қалаға еліміздің әр қиырынан мыңдаған еріктілер келді. Олар шынайы жанашырлықпен еңбек етіп, қаншама адамның сауабын алды. Біз олардың бірқатарын марапаттарға ұсындық. Мақтааралдағы су тасқыны кезінде, пандемия кезінде де өздеріңіз жүрдіңіздер. Бүгін міне, талай сынақтан өтіп, таңдалған елуге жуық еріктімен арнайы кездесіп отырмын. Еркін әңгімеге шақырамыз. Қазір біздің жастар өте білімді әрі талантты. IT, мәдениет, әдебиет, шаруашылық, бизнесте жетістікке жетіп жүр. Тіпті, мұхиттың ар жағына танылып, өнерімен мойындатып жүргендер бар. Біз сондай талантты өрендерді Түркістанға шақырып жатырмыз. Жастар ресурстық орталығы өңір жастарын біріктіріп жүр. Сіздер өз салаларыңыз бойынша елге қызмет етуді ойлануларыңыз керек. Мақсат қойып, соған жету жолында бар күштеріңізді салыңыздар. Жастарға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Еркін форматта өткен сырлы кездесуге түрлі саладағы 50-ден астам жастар қатысып, көп мәселенің күрмеуі шешілді. Жастар өңір басшысына түрлі сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді. Қолжетімді баспана мәселесін көтерді. Бұқаралық спортты дамыту, жастар квотасы бойынша да ұсыныстар айтылды. Облыс әкімі жастармен жиі жүздесуге дайын екендігін айтып, көтерілген тақырыптар аясында жұмыс істелетіндігін жеткізді. Алдағы уақытта мұндай кездесулер жалғасын табады.


Сондай-ақ, Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев нөсер жауыннан зардап шеккен Шарбұлақ ауылына барып, тұрғындармен жүздесті. Табиғаттың тосын мінез танытуынан зардап шеккен тұрғындарға алғаш күннен бастап өңірдің еріктілері көмек беріп жатыр. Мұндағы Шарбұлақ елді мекеніне қарасты шамамен 30 үйдің ауласынан су өткен еді. 15 үйдің қорасына, сарай және автокөлік гаражы мен бір үйдің жертөлесіне су кірген. Түн ортасында болған оқиға салдарын жоюға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен 6 арнайы көлік жұмылдырылып, тазалық жұмыстарын жүргізді. 100-ден астам ерікті көмек беріп жатыр.