ТҮРКІСТАН: Отырар ауданында газбен қамтылған ауылдар саны артып жатыр

0
1 079

38 елдімекеннің 33-і толық сапалы ауыз сумен қамтылған.


ТҮРКІСТАН: Отырар ауданында газбен қамтылған ауылдар саны артып жатыр

Отырар ауданында газбен қамтылған елдімекендер саны артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар ауданында 12 елдімекенде газбен қамтамасыз ету жұмыстарының құрылысы толық аяқталып отыр. Бұл туралы брифингте Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов мәлімдеді.


Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі таңда 8 елдімекен табиғи газға қосылған. Олар - Ақтөбе, Жаңа және Ескі Шілік, Қарақоңыр, Ш.Қалдаяқов, Мыңшұқыр, Ынталы, Қоғам елдімекендері. Ағымдағы жылдың соңына дейін 4 елдімекен (Бестораңғыл, Ақтам, Талапты, Шәуілдір) табиғи газ жүйесіне қосылады деп жоспарлануда. Ал 2023 жылы 7 елдімекен (Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Көкмардан, Шытты, Отырар) тұрғындары газбен қамтылмақ.


«2022 жылдың 9 айында жалпы өңірде өндірілген өнім көлемі 61 млрд. 952 млн. теңгені құрап, 2021 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 24,5%-ға артқан. Ал негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі - 14 млрд. 954 млн. 300 мың теңгеге жетті. Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 13 млрд. 713 млн. теңгені құраса, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 27 млрд. 98 млн. теңгеге жетті», - деді аудан басшысы.


Отырар ауданының 2023-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 2 мектеп құрылысы мен бір мектеп жанынан қосымша жай салу жоспарланған. Сонымен қатар, биыл Қоғам ауыл округінен Талапты дәрігерлік амбулаториясының құрылысы басталған. Нысан 2023 жылы пайдалануға берілмек. Ауданда 2022 жылдың 9 айында 13 010 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.


Отырар ауданы бойынша 38 елдімекеннің 33-і толық сапалы ауыз сумен қамтылған. Аудан көлеміндегі жалпы автомобиль жолдардың ұзындығы – 863,05 шақырымды құрайды. Оның ішінде қанағаттанарлық жағдайдағы жол - 641,42 шақырым.