ТҮРКІСТАН: Отырарда жаңа мешіт ашылды

0
533

Мұнда жалпы 3129 халық тұрады.


ТҮРКІСТАН: Отырарда жаңа мешіт ашылды

Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


25 қазан – Республика күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілді. Құлшылық ордасының ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жаңа мешітті тұрғызуға атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.


«Аллаға шүкір, елімізде мешіттеріміздің қатары көбейіп келеді. Мешіт – мейірімділік мекені, руханияттың ортасы. Қоғамды ізгілікке шақырып, ибалы болуға үйрететін мектеп. Осы мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, ұйытқы болған арда азаматтарға Алла разы болсын! Кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық тілеймін», – деген Бас мүфти мешітке қасиетті Құран кітабын тарту етті.


Қарақоңыр ауыл округінде жалпы 3129 халық тұрады. Аймақтағы діни ахуал тұрақты. Ауыл округіне қарасты Ш.Қалдаяқов елді мекеніндегі «Қарақоңыр» мешіті ауыл тұрғындарының өтінішіне орай ауылдың тумасы, елімізге белгілі кәсіпкер, меценат Әбдімәжит Сыздықбековтың бастамасымен қайта тұрғызылған болатын.


Жиынға келген ауданның зиялы қауым өкілдері мен ауыл ақсақалдары ізгі тілектерін айтып, ақ баталарын берді. Шарадан соң ауыл тұрғындары мен қонақтарға арналған ақ дастарқан жайылып, өмірден өткендердің рухына арналып Құран оқылды.