ТҮРКІСТАН: Өзбекстан тағы 500 млн. текше метр су жібереді

0
541

1 сәуірден бері өзбек тарапы елімізге Сырдария өзені арқылы 4 млрд текше метрден астам су жіберген болатын.


ТҮРКІСТАН: Өзбекстан тағы 500 млн. текше метр су жібереді

Өзбекстан суару маусымының соңына дейін Қазақстанға тағы 500 млн текше метр су жібереді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев екі ел президенттерінің кездесуіне қатысты.


Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірден бері өзбек тарапы елімізге Сырдария өзені арқылы 4 млрд текше метрден астам су жіберген болатын.


Осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы мәмілеге келген болатын. Нәтижесінде өзбек тарапы келісілген су көлемін 4 айда жіберді.


Бұл жұмыстардың барлығы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі шаруалардың суармалы суға сұранысын толық қанағаттандыру үшін жасалып жатыр.


Бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 1.5 млрд текше метр су бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 500 млн текше метрге артық. Шардара су қоймасына жалпы көлемі 4 млрд текше метр су келді.


Өз кезегінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 4,5 млрд текше метр су жіберілді. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 1 млрд текше метрге артық. Қызылқұм каналына 850 млн текше метр су, ал 590 млн текше метр Солтүстік Арал теңізіне жіберілді.


«Көршілерімізбен Тоқтоғұл және Бахри-Точик су қоймаларының жұмыс кестесін алдын ала келісудің нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келуде. Қазір аталған канал арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келеді. Бұл Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті»,- деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.