Республикалық додаға еліміз бойынша 100-ге жуық өтініш келіп түскен.
Түркістан қаласының Оқушылар сарайы мен Халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап ұйымдастыстарған «Жас талант» онлайн байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өткен айда Түркістан облысында «Жас талант» онлайн байқауы жарияланған болатын. Жоба шарты бойынша оза шапқан талант ХҚТУ-дың Түркия Квотасына ие болады. Бұл байқаудың мақсаты – оқушылар және студенттердің шығармашылық қабілетін арттыру, патриоттық сезімін ояту, тәуелсіз елге деген құрметін күшейту, елдік сананы ояту, өнерлі жастарға қолдау көрсету. Қатысушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ынталандыру және шын талант иесін анықтап, қолдау көрсету.
Онлайн форматта өткен байқауға қатысушылар «Өнерлі жас» және «Бармақтар» сайысы бойынша сынға түсті. Республикалық додаға еліміз бойынша 100-ге жуық өтініш келіп түскен. Олардың 30-ы екінші турға іріктеліп өтсе, ең дарындылары жүлдеге ие болды. Марапаттау рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.Амангелдіұлы арнайы қатысты.
«Мұндай байқаулардың саны алдағы уақытта артуы керек. Өйткені облысымызда салынып жатқан жаңа ғимараттар мен орталықтар жетеді. Біздің енді мақсат сол жаңа ғимараттарды шығармашылық алаңдарына айналдыру. Ал жүлде қорларының көп, бағалы болуы жастардың құлшынысын арттырады. Әсіресе тегін оқу жақсы мүмкіндік» , – деді әкім орынбасары.
Атап өтсек, «Өнерлі жас» сайысы талаптарына сәйкес бойында сан түрлі өнері бар болуы керек. Ол ән салып, кез келген аспапта ойнай алуы, көркем сөз оқып және би билей алуы міндетті болған. Ал «Бармақтар» сайысы талаптарына сәйкес, «Композиция» (түрлі тәсілдермен сурет салу), «Дизайн-сәндеуші» ұлттық нақышта заманауи талаптарға сай киім үлгілерін салу және жасау, «Қолөнер бұйымдарын жасау немесе нобайын салу» бойынша киіз, тоқыма, ши, гобелен, жүннен жасалынатын заманауи бұйымдар жасауы керек болған. Байқауға қатысушылардың жұмыстарына «Өнерлі жас» бағыты бойынша Мәдениет саласының үздігі, өнер магистрі Қазақ ұлттық өнер университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жанна Омарова, ҚҰӨУ «Музыкалық драма және қуыршақ театр өнері» кафедрасының аға оқытушысы Салтанат Көпжасарқызы, ҚР мәдениет қайраткері Абдықадыр Қашқабаев және джаз әншісі Ирина Воловикова қазылық етті. Ал, «Бармақтар» сайысы бойынша мәдениет саласының үздігі Шыныбай Ізтілеуұлы және ҚҰӨУ «Сценаграфия және сәндік өнер» кафедрасының аға оқытушысы Бұлмекен Наханова сынды өз ісінің майталмандары бағалау жүргізді.
Нәтиже бойынша «Бармақтар» сайысының 3-орынын иеленген Жасурбек Сабиров, 2-орын Нұрсұлтан қаласынан Дмитрий Киприянов және 1-орын Нұрсұлтан қаласынан Аяулым Талғатова алды. Ал бас жүлде иегері, Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркия квотасын Әсем Амантай жеңіп алды. Ал, «Өнерлі жас» сайысы бойынша 2-орын Инжу Көкұл, 1-орын иеленген Асима Жұмабай марапатталды, ал бас жүлде мен Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркия квотасы Жібек Сатыпалды жеңіп алды.