ТҮРКІСТАН: Сайлау бөлімшелері электр энергиясымен үздіксіз қамтылады

0
2 439

Дайындық барысын пысықтау мақсатында жиын өтті.


ТҮРКІСТАН: Сайлау бөлімшелері электр энергиясымен үздіксіз қамтылады

Түркістан облысында 900-ден астам сайлау бөлімшесі бар, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

10 қаңтарда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы күні сайлау учаскелерінде тек бақылаушылар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер ғана емес, энергетиктер де кезекшілік етеді. Дайындық барысын пысықтау мақсатында Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Әлімқұлов Бекжан Мухидинұлы мен Шымкент қалалық аумақтық департаментінің басшысы Шілдерханов Нұрман Адыхамұлы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-де жиын өткізді.

Оған аталған комитеттің Түркістан облыстық және Шымкент қалалық департамент басшылары, облыстық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының өкілі, серіктестіктің техникалық директоры және аудандық электр жүйелерінің басшылары қатысты. Жиында қала, аудан орталықтары мен ауылдарда орналасқан сайлау учаскелері мен бөлімшелерін үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету, жағдайды бағалау жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айтылды. Жауапты мамандар күшейтілген режимде жұмыс жасап, жарықпен қамту жағдайын жіті бақылауда ұстайды.

Электр жүйесінде туындаған жазатайым жағдайлар мен технологиялық бұзылу фактілері Энергетика министрлігінің комитетіне қарасты аумақтық департамент басшылықтарына жедел түрде хабарланып отырады. Бүгінде Түркістан облысы бойынша 908 сайлау бөлімшелері бар. Олар: Арыс қаласы -34, Кентау қаласы -74, Түркістан қаласы-50, Бәйдібек ауданы -50, Жетісай ауданы -72, Қазығұрт ауданы -61, Келес ауданы -58, Мақтаарал ауданы -59, Ордабасы ауданы -49, Отырар ауданы – 40, Сайрам ауданы -86, Сарыағаш ауданы -79, Созақ ауданы -39, Төлеби ауданы -67, Түлкібас ауданы 60, Шардара ауданы 33.