ТҮРКІСТАН: Сайрамда мүмкіндігі шектеулі 110 адам жұмыспен қамтылды

0
538

Өндірістің жалпы құны – 4,6 млн. АҚШ долларын құрайды.


ТҮРКІСТАН: Сайрамда мүмкіндігі шектеулі 110 адам жұмыспен қамтылды

“Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл мәжіліске “Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары П.Тұрсынбаев, қоғамдық кеңес төрағасы А.Салимов, кеңес мүшелері, жауапты сала мамандары мен партия қызметкерлері қатысты.


Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтсақ, шетелдік қатысуы бар инвестициялық жобаларды бағалау және тікелей өңірге шетелдік инвестицияларды тарту көлемі, облыс бойынша құрылған жұмыс орындарының саны, әлеуметтік жобаларды іске асыру және экологиялық қауіпсіздік негіздері сөз болды.


Бірінші мәселе бойынша шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстары бойынша облыста жылдың соңына дейін жоспарланған меже орындалады. Бұл туралы Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасының басшысы Қайрат Әзімов өз баяндамасында айтты.


“Шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 313,9 млн. АҚШ долларға 1 396 жұмыс орнын ашумен 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жалпы құны 293,4 млн. АҚШ долларға 1 295 жұмыс орны ашылып, 5 инвестициялық жоба іске қосылды” – дейді ол.


Сондай-ақ әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытында айтарлықтай нәтиже бар. Мәселен жуырда яғни қазан айында іске қосылған Сайрам ауданындағы «Capable Group» мүгедектер қоғамы» жөргектер мен ылғалды сулықтар өндірісі әлеуметтік жобасы бірінші кезеңнің өзінде мүмкіндігі шектеулі 110 адамды жұмыспен қамтуда. Өндірістің жалпы құны – 4,6 млн. АҚШ доллары. Инвестор – түркиялық «ROYAL HİJYEN VE SAĞLIK ÜRÜNLERİ SAN. TİC. A.Ş» компаниясы.


Әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің тағы бірі – тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу. Облыс аумағында 158 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Сейітовтың айтуынша, биыл 9 айдың қорытындысымен жалпы 83522 тонна қоқыс жинақталып, оның 11825 тоннасы қайта өңдеуге жолданған, яғни 14,16% құрайды. Жыл қорытындысымен меже толық орындалатын болады.


Жиын соңында партия филиалының Өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы А.Салимов партияның сайлауалды бағдарламаларының орындалуын бақылауда қоғамдық кеңестердің маңызы зор екенін жеткізіп, мәжілісті қорытындылады.