Шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жобаларды қолдау жалғасатынын айтты.
Сайрам ауданында өсімдік майын өндіретін «Умирбеков» жаңа цехы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылында өсімдік майын өндіретін «Умирбеков» жаңа цехы ашылды. Агроөнеркәсіптік кешеннің жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жобаларды қолдау жалғасатынын айтты.
Жеке кәсіпкер Мирполат Урумбеков ашқан цехта табиғи, таза өнімдерден мақта және мақсары майларын өндіріліп жатыр. Тазартылған және иіссіздендірілген өсімдік майлары 4,5 және 5 литрлік көлемдегі пластикалық ыдыстарда шығарылуда. Өндірілген өнімдер Түркістан облысы, Шымкент қаласы және Сайрам ауданының сауда орындарына жіберілмек.
Аталған цех қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Өсімдік майын дайындауға және сапасын тексеруге арнайы зертхана бөлмесі жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер осы жобаға 37 млн. теңге жұмсаған.
Іскер кәсіпкер күніне 35 тонна ұн өнімін шығаратын диірменді де іске қосты. Жобаның құны – 370 млн. теңге. Қазіргі таңда диірмен облыс және аудан аумақтарына «Жібек жолы» сауда маркасымен 50 және 25 келі қапталған жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын сатылымға шығаруда.
Кәсіпорын шикізатты жергілікті дәнді-дақылдар және мақсары егетін шаруа қожалықтарынан сатып алып отырады. Бидай және ұн-май өнімдерін сақтайтын арнайы қоймалары да қарастырылған. Жергілікті 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Цех пен диірменнің ауыл шаруашылық мақсаттағы техникасы және тауар тасуға арналған жүк көлігі де бар.